
Фотоkfh: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Министр Қазалы қаласында орналасқан, 2024 жылғы қарашада пайдалануға берілген орман тұқымбағын аралады. Тұқымбақтың жалпы аумағы 33 гектар, оның ішінде өндірістік алаңы 10 гектар. Бұл жерде сексеуіл тұқымдары себіліп, нәтижесінде Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызу үшін 3 миллион стандартты көшет алу жоспарланып отыр. 2023 жылы отырғызылған, жалпы көлемі 4 мың гектарды құрайтын екпелер қаралды. Екпелер ғылыми ұсынымдарға сәйкес жасалынып, келесі отырғызу сызбасы қолданылды: қатар аралығының ені 4 метр, қатар ішіндегі аралық 2 метр, жолақ арасындағы қашықтық 30-35 метр. Отырғызу жұмыстары стандартты қара сексеуілдің көшеттерімен жүргізілді. Қазіргі уақытта екпелердің жай-күйі қанағаттанарлық деп бағаланады.
Биыл 9 шілдеде отырғызылған, жалпы аумағы 11,8 мың гектарды құрайтын екпелер қаралды. Аталған жұмыстар биылғы наурыз айында қазақ-француз бірлескен кәсіпорны «Катко» қаражаты есебінен жүргізіліп, мұнда да ұқсас отырғызу сызбасы қолданылған, ал екпелердің жай-күйі жақсы деп бағаланып отыр.
Сондай-ақ, министр Арал теңізінің құрғаған табанында орналасқан тұқымбақ құрылысының барысымен танысты. Қазіргі уақытта тұқымбақ суғару мақсатында ұңғымада бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр, қызметкерлерге арналған модульдік контейнерлер жеткізілді. Жұмыстар белгіленген мерзімге сай орындалып жатыр.
Аталған тұқымбақ аридтік (құрғақ) жағдайларға жақсы бейімделген көшет материалын өсіруге және тасымалдау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Тұқымбақтың жалпы ауданы 15 гектарды құрайды, ал өндірістік қуаттылығы жылына 1,5 миллион дана көшет өсіруге жетеді.
Сапар барысында Е.Нысанбаев ғылыми мамандардың өкілдерімен кездесті. Ғалымдармен бірге Арал теңізінің құрғаған табанында орман өсіру агротехникасын жетілдіру және отырғызылған екпелердің жерсіну деңгейін арттыру мәселелері талқыланды.
Айта кеткен жөн, министр Е.Нысанбаевтың бастамасымен орман-мелиорация жұмыстарына тұрақты ғылыми сүйемелдеу жүргізу мақсатында Қызылорда қаласында ҚазОШҒЗИ филиалы құрылған. Қазіргі уақытта онда 2 ғылыми қызметкер тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр.
Сонымен қатар, атқарылған жұмыстардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ құрылған екпелерді қорғау және сақтау мақсатында Арал орман шаруашылығы мекемесі базасында «Арал орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватын құру арқылы оларға ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беру жоспарланып жатыр.