
Фото: Видеодан алынған скрин
Елорда полициясының хабарлауынша, 9 маусым күні тергеудегі П.Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеген.
Аталған арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы Полиция департаментіне жолданған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынған.
Полиция алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесін жариялады.
«Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлерінің оған дене жарақатын келтіруі туралы сөздері расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр», делінген хабарламада.
Айта кетейік, тергеу әлі жалғасып жатыр. Тиісті сараптама да тағайындалған.