
Сахнаға топтың бастапқы құрамындағы бес мүшесі толық өнер көрсетеді. Атап айтқанда, Ник Картер, Эй Джей Маклин, Хауи Доро, Кевин Ричардсон, Брайан Литрелл. Концертте бүкіл әлемдік хит болған әндер орындалады. Олардың ішінде «I Want It That Way, Everybody» (Backstreet’s Back), «As Long As You Love Me», «Show Me The Meaning of Being Lonely», «Shape of My Heart» және жаңа альбомдардан композициялар бар.
2025 жылы «Backstreet Boys» Лас-Вегастағы ең заманауи концерт залы Sphere сахнасында «Into The Millennium» атты ауқымды шоу бастады. Қыркүйектің 21-інде өтетін концертке арналған билеттер бір тәуліктен аз уақытта сатылып кеткен. Бұл тур поп-музыка тарихындағы ең тез сатылған турлардың бірі болды. Шоудың ерекше талабы – ақ түсті киім, сондықтан ұйымдастырушылар отандық көрерменді әлемдік трендке қосылып, ақ түсті киім киіп, 2000 жылдардың атмосферасына енуге шақырады.
Астанадағы концерттің ұйымдастырушысы – Astana Concert компаниясы. Концерт 2025 жылғы 21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында өтеді. Компания бұған дейін де халықаралық жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді, соның ішінде 2025 жылғы 1 және 10 тамызда өтетін Дженнифер Лопестің концерттері де бар.
Билеттер 14 шілде күні сағат 12:00-ден сатылымға шығады. Freedom Bank қосымшасында ғана 24 сағат бұрын алдын ала сатылым жарияланады. Кэшбэк – 22%-ға дейін!
15 шілде күні сағат 12:00-ден бастап билеттер Ticketon.kz сайтында қолжетімді болады. Төлемнің 10 түрлі тәсілі қарастырылған, соның ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі бар.
Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Азамат Белқайыровтың айтуынша оқиғалық туризмді дамыту – ел брендін және ұлттық мәдени-тарихи мұраны танымал етудің тиімді құралы. Әрбір осындай ірі оқиға – мейлі ол Хосе Каррерастың гастролі болсын, не болмаса Дженнифер Лопестің концерті болсын – еліміздің қазіргі заманғы гуманитарлық құндылықтарды ұстанатын мемлекет ретіндегі беделін нығайтатын синергиялық әсер береді.
«Мәдениетте шекара жоқ! Мұндай ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге түрлі елдерден келген жастар – мәдениет өкілдері, кәсіпкерлер, волонтерлер мен жанкүйерлер белсенді түрде атсалысады. Бұл елдің «мәдени капитал» сапасын арттырып, халықаралық деңгейдегі имиджін қалыптастырады.
Алдыңғы жылдары осындай ауқымды іс-шараларды сәтті өткізгеннің нәтижесінде Қазақстан заманауи мәдени трендтерге ілескен, сонымен қатар ұлттық дәстүрді сақтап отырған мемлекет ретінде танылып келеді.
21 қыркүйекте Астанада өтетін концертің маңызы зор, себебі дәл осы күні бүкіл әлемде Халықаралық бейбітшілік күні аталып өтеді. Әлем халықтары арасында диалог, бейбітшілік пен ынтымақтастықты жақтайтын Қазақстан үшін бұл оқиға елдің басты гуманитарлық құндылықтарының көрінісі болмақ», деді Азамат Белқайыров
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Әлішер Тұрсынның айтуынша «Backstreet Boys» концертіне дайындық аясында Astana Concert пен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ туристерді ауқымды іс-шаралар арқылы тарту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Kazakh Tourism» жанынан жетекші туроператорлар қатысатын штаб құрылды. Негізгі мақсат – концерт билеті қосылған арнайы туристік пакеттер дайындап, шетелдік қонақтарға ұсыну.
«Backstreet Boys концертіне 40-тан астам елден туристер келеді деп болжанған. Бұл – туристер тарту үшін тиімді әдістердің бірі. Мәселен, Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне 10 мың, ал Алматыдағы концертіне 8 мың турист келеді деп жоспарланып отыр», деді Әлішер Тұрсынов.
Ал қала әкімдігінің «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының басшысы Артём Дмитриевич Квашук сөзінше «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы қаладағы туристік саланы жан-жақты дамыту үшін, соның ішінде қала қонақтары үшін қызықты іс-шаралар күнтізбесін құру мақсатында құрылды.
«Біз елорда қонақтары үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бар күшімізді саламыз, әр сапар ерекше әсер қалдырып екен дейміз.
Халықаралық әртістердің, ұйымдастырушылардың және туристердің Астанаға деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Қала барған сайын ауқымды іс-шаралар өтетін алаңға айналып келеді. Бұл –жинақталған тәжірибе мен туризм саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар инфрақұрылымның да дамып келе жатқанының айқын дәлелі.
Backstreet Boys тобының концерті секілді көлемді іс-шаралар елордаға шетелдік туристердің назарын аударып, жергілікті экономиканың дамуына серпін береді және Астананың халықаралық деңгейдегі беделін арттырады», деді Артём Квашук.
Айта кетелік, Астанада 299 қонақ үй жұмыс істейді, оның ішінде 9-ы бес жұлдызды, 3-4 жұлдызды шамамен 100 қонақ үй бар. Жыл сайын Астана көп іс-шара өтетін мәдени қала мәртебесін нығайтып келеді. Мысалы, қалада былтыр 128 іс-шара өткізілсе, биыл 201 іс-шара жоспарланған.
Мұндай іс-шаралар көпжақты мультипликативті әсер береді. Қонақ үйлердің жүктемесі артады, мейрамханаларға, көлікке, сауда және мәдени нысандарға келушілер көбейеді. Бір ғана концерт ондаған саланың дамуына серпін береді.