
Семинардың ашылу салтанатында Түрік тарих қоғамының төрағасы, профессор Юксель Өзген әлемдік тарихи зерттеулерге жас буын үлес қоса алатынын айтып, осы жолда ғылыми орталықтарға күш біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар Түркия Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) президенті Серкан Каялар мен Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғары институтының президенті, профессор Дерья Өріс құттықтаулары оқылды.
Маңызды семинар түрлі бағыттар бойынша жалғасып, «Археология және өнер тарихы», «Исламға дейінгі Орталық Азия тарихы», «Ислам дінін қабылдаудан Осман мемлекетінің құрылуына дейінгі кезең», «Осман дәуіріндегі түркі әлемі», «Жаңа дәуірдегі Осман және түркі әлемі», «XX ғасыр мен қазіргі түркі әлемі», т.б. маңызды тақырыптарды қамтыды. Сессиялардағы Муса Кадооглу, Хасан Йылмазаясар, Илхан Шахин, Угур Булдук, Айдын Уста, Садуллах Гюлтен, Юнус Коч, Динчер Коч, Ахмет Өзжан, Абдуллах Гюндогду, Халюк Селви, Хикмет Оксюз сынды профессорлардың байсалды, тыңғылықты даярланған баяндамалары жақсы қабылданды.
Қорытынды отырыста жас тарихшылар арасында алдағы ғылыми байланыстар мен бірлескен жобалар туралы ой-пікірлер айтылды.
Қазақстан, Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан, Косово елдерінен келген жас зерттеушілер қатысқан бұл жиын – түркі дүниесінің рухани тұтастығы мен тарихи жадты жаңғыртуға септігін тигізетін алаң деп бағалаймыз.
Халықаралық шараға Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтынан Қуаныш Мырзақожаев, Нұрлыбек Досымбетов, Фархат Лебаев, Ержан Күркеев қатысты. Біз баяндама жасап, пікірталастарға белсенді атсалыстық. Қазақстан тарих мектебінің ізденістерін, мұра жинау мен зерттеу тәжірибемізді таныстырып, бірқатар шетелдік әріптестермен ғылыми байланыс орнатуға уағдаластық.
Семинар жас зерттеушілерге тың ғылыми ақпарат алмасумен қатар жаңа әдіснамаларды игеруге мүмкіндік туғызды. Платформа ретінде бұл жиын түркі халықтарының ортақ тарихын жаңа көзқараспен саралап, келешек зерттеулерге мұрындық болуымен де ерекшеленді.
Мысалы, мен үшін түркі халықтарының ерте заман өркениеттері, Исламды қабылдау дәуіріндегі саяси және мәдени өзгерістер, Осман кезеңіндегі түркі бірлігі, кеңес дәуірі мен тәуелсіздік тұсындағы түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы, т.б. тақырыптардың жан-жақты байыпталғаны ұнады. Сондай-ақ жас тарихшыларға қойылған заманауи, өркениетті тың көзқарас пен дереккөздер негізінде зерттеу жүргізу көкейкесті деп білеміз.
Мұндай беделді ғылыми мекеме ұйымдастырған шара түркі елдерінің академиялық, ғылыми ынтымақтастығын тереңдете түседі деп санаймыз.
Түркия көшбасшысы Ататүрік кезінде «Тарих – ең үлкен ұстаз», «Қанатты (ізденгіш) жастар – ел болашағы» деген екен. Анкара сапарында Түркия ғылымындағы жас буын классикалық ғылым дәстүріне өзіндік үлес қосып отырғанына көзіміз жетті.
Самат Жұматай,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
ғылыми қызметкері