
Жуырда облыс орталығында Жұмысшы мамандықтары жылына орай, «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында шаһардағы коммуналдық сала өкілдеріне арнайы техникалар тапсырылды.
Міне, осы жаңа техникаларды тізгіндеуге тәжірибелі мамандар мен жастар тартылмақ. Техникаларды тапсыру барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров дәнекерлеуші, электрші, су маманы, жүргізушілер, коммуналдық саланың қарапайым қызметкерлерін марапаттады. Бір топ азаматқа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері», «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгілерін, Құрмет грамотасын тапсырды. Биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 130 769 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде, 83554 орын, яғни 63%-ы – тұрақты жұмыс. Өңірде осы күнге дейін 56 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Оның 22 380-і – тұрақты, 33 619-ы – субсидияланатын уақытша жұмыс орны. Жалпы, жұмыспен қамтылғандардың 20 526-ы немесе 36,7%-ы – жұмысшы мамандық иелері.
Халықты жұмыспен қамту туралы шаралар талқыланған мәжілісте облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі орта арнаулы білім беру ұйымдарында еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтар үлесін арттыру қажеттігін айтты. Жауапты тұлғаларға қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етуді, еңбек адамының беделін көтеру бағытында маңызды іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында 375 инфрақұрылымдық жоба арқылы 4 074 жұмыс орнын ашу көзделіп, 6 айда 1708 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгін-де 184 жоба аясында 1 653 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 97% орындалған. Биыл 125 жеке инвестициялық жобаны іске асыру арқылы 2004 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Оның ішінде, 1050 орын – тұрақты, 954-і – уақытша. Нақтырақ айтқанда, кәсіпкерлік саласында 48 жоба арқылы – 651, агроөнеркәсіп саласында 67 жоба арқылы – 1 195, туризм саласында 10 жоба арқылы 158 жұмыс орны ашылмақ. Алты айдың жоспарымен 401 орын ашу көзделсе, қазіргі уақытта 76 жоба жүзеге асып, 900-ге жуық жұмыс орны құрылды. Қалған 49 жобаны жүзеге асыру жұмысы жалғасып жатыр. «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға 22 595 жаңа жұмыс орнын құру межеленіп, жыл басынан бері 3374 орын ашылды. Сондай-ақ уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 адамды жолдау жоспарланған. Қазірде 21 мыңға жуық азамат жұмысқа орналасып, тиісті кезеңнің жоспары 88,4% орындалды. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 1 793 мемлекеттік қайтарымсыз грант беру көзделсе, бірінші лекпен 862 азамат комиссияның оң қорытындысын алып үлгерді. Жыл басынан бері өткізілген 45 бос жұмыс орны жәрмеңкесі аясында 1 829 адам жұмысқа орналасты.
Түркістан облысының білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекованың айтуынша, облыстың кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында (колледждерде) 45 530 студент еңбек нарығына қажетті мамандық бойынша білім алып жатыр. 2025–2026 оқу жылына колледж студенттеріне 15 500 грант, оның ішінде жұмысшы мамандықтарға 9600 грант бөлінді. 2024–2025 оқу жылында 35 колледжде 171 кәсіпорынмен қамқорлыққа алу жөнінде келісімшарт түзілді. Жыл соңына дейін қамқорлыққа алуға қатысатын кәсіпорын санын
200-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ биыл аз қамтылған азаматтардың санын 20%-ға төмендету межеленген. АӘК алушылардың саны 45 713 адамға немесе 48,2%-ға азайған.
Айта кетейік, облысқа жыл басынан бері 196,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін, 2025–2028 жылдары жүзеге асырылатын 110 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылды. Биыл 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жобаны іске қосып, 6908 жұмыс орнын құру жоспарланған.
Түркістан облысы