Экономика • Бүгін, 09:50

Көлік таңдаудың қыры мен сыры

30 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде көлікке деген сұраныс күрт артты. Нарықта баға шарықтап, отандастарымыз шетелге, әсіресе Корея мен Қытайға көз сала бастады. Бірі арзан көлікті шекарадан өткізудің амалын іздесе, екіншісі сапа мен кепілдікке басымдық беруді қалайды. Сәйкесінше, «екі жолдың» бірін таңдайды.

Көлік таңдаудың қыры мен сыры

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Машақат

Ендігі сауал біреу: сұр импорт па, ресми дилер ме? Сырт­тай қарасаңыз, Қытайдан көлік алдыру – өте тиімді ұсы­ныс. Жұрт BYD, Haval, Geely сияқты брендтерді арзан баға­мен алып жатады. Көз қызығады. Бірақ мұнда басқа да мәселелер бар. Те­мір тұлпардың зауыт­тан шық­қанынан бастап, елі­міздегі тіркеуге дейінгі жолы ұзақ. Тәуекелі де біршама. Осы үде­рісті бүге-шігесіне дейін білетін «Cars Market» арна­сының жүргізушісі, авто сарапшы Николай Татаренко пайдалы ақпарат айтты.

1

– Адамдарда қате түсінік бар. Қытайда автосалоннан жаңа көлікті алып, бірден Қа­зақ­станға айдап келуге болады деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Жаңа көлік алдымен экспорт компаниясының атына тіркеліп, қағаз жүзінде «екін­ші нарықтағы» көлікке ай­­­налады. Сонда ғана сыртқа шы­­ғаруға рұқсат беріледі. Ал бұл – алғашқы «бюрократиялық ай­налма жолдың» басы», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, Қытайда көлікті «өздігінен жүру» тәсілімен жеткізу – ең кең таралған әдіс. Жүргізуші көлікті айдап әкеліп, арнайы брокерлер мен декларанттар шекарада күтіп тұрады. Бірақ бұл жерде де абай болу керек. «Брокеріңіз кім? Қай жерде тіркел­ген? Құжатын көрсете ме?» осы сұрақ­тардан бастау керек. Көлік «Қорғас» шекара бекеті­нен өткеннен кейін бірден зертханаға түсуі тиіс. Аңғар­май қалғандар көлікті уақыт­ша сақтау қоймасына жібереді. Ол кезде, кешіріңіз, әбден шаршайсыз. Өйт­кені көлік зертханаға бармайынша, қауіп­сіздік сертификаты берілмейді. Ол жоқ болса, кеден де жоқ», – деп түсіндірді Нико­лай.

Сарапшының сөзінше, кеден бағасы да өз алдына шытырман. Мысалы, көлікті 30 мың долларға сатып алсаңыз, кеден оны 50 мың доллар деп бағалап, соған сәйкес ҚҚС есептеп жіберуі мүмкін.

«Кеденнің 6 түрлі бағалау әдісі бар. Тек біреуі ғана нақты сатып алу шотына сүйенеді. Қалғаны – «база бо­йынша», «аналог бойынша», «сараптама негізінде» деген сылтаулар. Кеден қызметкерлерінің қолында осындай үлкен құрал бар. Сол үшін көліктің өз бағасына сенудің өзі қазір нағыз тәуекел. Соңғы саты – электронды техпаспорт алу. Бұл құжатсыз тіркеу жүрмейді. Ал оны алу тағы бір «лотерея». Кейде бір аптада келеді, кейде екі ай күтесіз. Неліктен екенін ешкім түсіндірмейді. Бұл жерде де «айналмалы есіктер көп», дейді маман.

 

Автоайла

Қазақстанға Қытайдан әкелінетін көліктердің арасында ерекше бір санат қалыптасып үлгерді. Бұрын пай­даланылған көлік, бірақ тіпті әлі жүріп те үлгермеген. Яғни құжат жү­зінде «қолданыста болған», ал іс жүзін­де зауыттан енді шыққан жаңа темір тұлпар. Бұл парадокс Қытай автона­рығындағы жүйелік айла-шарғымен тікелей байланыс­ты екен. Қытайлық «CarNewsChina» басы­лымының мәліметінше, кейінгі жылдары ҚХР-да 0-50 км аралығында жол жүр­­ген көліктер «екінші нарықтағы» техника ретінде сатылымға жаппай түсіп жатыр. Осы автоайланың айнасын отандық авто­са­рапшы Эдуард Эдоков айшықтап берді.

2

«Кейбір көліктер Қытайда жай ғана қағаз жүзінде тіркеліп, дилер атына өтеді де, бірден шетелге жөнелтіледі. «Жаңа кө­лік, бірақ жүрілген» деп көрсетіледі. Мен өзім BYD электромобилін Қытайдан са­тып алдым. Ол толықтай зауытта жаса­лып, мен таңдаған опциялармен жинақ­тал­­ды. Бірақ құжатта 4 шақырым жүріп қой­­ған көлік деп тіркелді», дейді сарапшы.

Сонда автозауыттар неге мұндай әдіске барады? Айтуынша, мұның бәрі жасанды түрде сату көрсеткішін арттырып, мемлекеттік субсидия алуға бағытталған схема. Қытайдың Сауда министрлігінің тексеруінше, автозауыттар өз дилерлеріне көлікті сатылған деп тіркеуді талап етеді. Осыдан кейін олар бұл көліктерді арнайы онлайн алаңдарда (DoCar, Xianyu) «екінші нарық» техникасы ретінде төмен бағада ұсынады. Мысалы, 2023 жылы шыққан Zeekr, BYD, Lixiang көліктері Kolesa.kz сайтында 100-150 км ғана жүрген күйі тұр. Бағасы жаңа көліктерге қарағанда 20-30%-ға арзан.

 

Корея көлігі қанша тұрады?

Енді Кореядан көлік алдыртудың астарына үңілейік. Автоимпортпен айналысатын мамандардың айтуынша, ең алдымен тапсырыс беруші Кореядағы қолжетімді марка мен модельді таңдауы керек. Әрине, Hyundai Santa Fe, Palisade, Kia Sorento сынды SUV-тар мен неміс брендтері – BMW, Mercedes-Benz, Audi сияқты премиум-класстар өте танымал. Таңдау жасалған соң, авто жасырын зақымдары бар-жоғы, сақтандыру тарихы мен техникалық құжаттары бо­йынша мұқият тексеріледі. Келесі қадам – заңды келісімшарт. Тапсырыс беруші Кореядағы экспорттаушы компаниямен тікелей шартқа отырады. Төлем доллармен жасалады, ақша банктік жолмен жіберіледі. Орта есеппен бұл үдеріс бір аптаға жуық уақыт алады.

Сатып алынған көлік Кореядан кон­тей­нермен жөнелтіледі. Алдымен теңіз­бен Қытай портына жеткізіліп, одан әрі те­мір­жол арқылы бізге келеді. Барлық көлікке GPS-трекер орнатылады. Қазақ­станға келген соң көлік толық кедендік рәсімдеуден өтіп, утиль алым мен бас­тап­қы тіркеу төленеді. Одан кейін ғана нөмір алуға мүмкіндік болады. Бұл – көлікке құмартқандардың бәрінің білетін жүйесі.

Ал шығын ше? «DI AUTO» мен «West Motors» компанияларының мәліметінше, бір көліктің жеткізілу қызметі орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Ал тасымалдың өзі 2,5 мың доллардың (1,3 млн теңге) шама­сында. Көлік көле­міне, маркасына, мар­шруттың күрделілігіне қарай баға да өзгереді.

«Утиль алым да оңай шаруа емес. Мотор көлеміне қарай мөлшерлеме өсіп отырады. Мәселен, көлемі 3 литр­ге дейін болса 983 мың теңге, 2 литр­ге дейінгі көліктерге 688 мың теңге шамасында шығын кетеді. Ең тиімдісі – 1 литр­ге дейінгі шағын моторлы машиналар, оларға алым 295 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар бастапқы тіркеуге шыққан жылына байланысты қосымша салық алынады: егер көлік 3 жылдан асқан болса – 500 АЕК, яғни 1,97 млн теңге төлеу керек. Осының бәрін ескергенде, Кореядан әкелінген көліктің соңғы құны бастапқы бағадан 20-40%-ға дейін артып кетуі мүмкін», дейді компания сарапшылары.

 

Байқағанымыздай, көптеген тұтыну­шы шетелдеОтандық дилерлер пікірін арзан көлік іздеп, ақыр соңында отандық дилерден артығын таппай қалады. Жоғарыда сұр импорттың көпшілік үңіле бермейтін тұсына назар салып көрдік. Ал енді «Ресми дилерлер не ұсынып жатыр?» деген сұрақ туады. Соны бағамдау мақсатында Астанадағы «Allur» компаниясының авто орталығына бардық. Компания ұсынған 4%-дық бағдарлама бүгінде барлық брендтерге қатысты. Оның ішінде Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Skoda және Hongqi маркалары бар.

3

– Біздегі жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы – тек пайыздық мөлшер­леме емес. Мұнда әр клиенттің жеке мүм­кіндігі есепке алынады. Қазір, әсіресе 50/50 схемасы кең таралған. Клиент жарты ақша­­сын төлеп, қалғанын жыл соңына дейін еш артық төлемсіз жаба алады, – дейді даму бөлімінің жетекшісі Ырысты Асенова.

Жылдық 4% елдегі инфляция аясында тиімді көрінгенімен, бастапқы жарнаның 50% болуы бәріне бірдей ыңғайлы емес. Дегенмен орта тап өкілдері мен отбасылы азаматтар үшін бұл бағдарлама нарықтағы бірегей ұсыныс саналады. «Allur» деректеріне сүйенсек, 2024 жылы Chevrolet Cobalt пен Kia Sportage үздік үштіктен түспеген. Жеңіл көлік алғысы келгендерге Cobalt үнемді әрі сервистік шығыны аз көлік ретінде танылса, кроссовер іздегендер Sportage-ді таңдайды.

– Халық бұрынғыдай атақты маркаға емес, сенімділік пен қолжетімді бағаға қарай­ды. Сол себепті, Jetour маркасына сұраныс кейінгі айларда күрт арт­ты. Мәселен, сәуірде бұл брендтің көлік­те­рін 1 368 адам сатып алды. Ал Kia мен Chevrolet бұрыннан бері сервис жағы­нан да, қосалқы бөлшектермен қамту жағы­нан да бәсекелестерінен озық тұр, – дейді Ырысты.

 

Trade-in тиімді ме?

Trade-in бағдарламасы әзірге Алматы мен Астанада ғана іске қосылған. Жүйе – көне көлігіңді бағалап, соның үстінен жаңасына айырбастауға мүмкіндік береді. Бірақ клиенттердің белсенділігі әлі орташа деңгейде.

– Trade-in жүйесі негізінен қала тұрғындарына ыңғайлы. Ауыл-аймақтан келіп тапсыру қиындау. Дегенмен бола­шағы бар формат. Клиенттердің қызығу­шы­лығы жылдан-жылға артып келеді. Trade-in – қазақ тұтынушысы енді ғана үйре­нісіп жатқан жүйе. Психо­логиялық тұр­ғы­дан өз көлігіңді бағалатып, оның «шынайы» құнын қабылдау да оңай емес. Бірақ нарыққа көз жүгіртсек, екі көлік иеленіп отырғандар саны артқан, демек, Trade-in-ге де сұраныс артуы – уақыттың еншісінде, – деп ұғындырды компания өкілі.

Айтпақшы, «Allur» көліктерді шетелден әкелмейді. Қостанайдағы зауытта өндіреді. Мұның артықшылықтары да көп. Біріншіден, тасымал мен логистика шығыны аз. Екіншіден, CKD және DKD форматында құрастырылатын көліктер толық циклдан өтеді – дәнекерлеуден бас­тап бояу мен тест-драйвқа дейін.

– Қазір зауыт толық қуатымен жұмыс істеп жатыр. 356 мың шаршы метр аумақтағы өндірісте жылына мыңдаған көлік құрастырылады. Ендігі мақсат – локализацияны тереңдету. Яғни шетелден бөлшек әкелмей, Қазақстанда жасап шығару. 2026 жылға дейін Қостанайда автокомпонент шығаратын екі орталық іске қосылады. Қосымша қоймалар салынып, 120 000 данаға дейін компонент өндіріл­мек. Зауытта әр көлік 59 бекеттен өтеді. Әр бөлшек жеке-жеке тексеріледі. Соңын­да су камерасы, тежеу жүйесі мен электрондық жабдықтар сынақтан өтеді, – деді Ы.Асенова.