
М.Сыдықназаровтың ғылыми зерттеу жұмыстары еліміздің өткенін қайта зерделеуге, мемлекеттілігіміздің тарихи негіздерін жаңаша қарауға жол ашқанын гуманитарлық сала мамандары мойындайды. Бұл ретте ғалымның көпжылғы еңбегі тарихи картография – қазақ халқының саяси-географиялық тұтастығын дәлелдейтін ерекше құнды дереккөзі ретінде зерделеуге бағытталған. Қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы мен әлемдік деңгейдегі танымын арттыру – ұлттық сананы жаңғыртудағы маңызды бағыты. Орта ғасырлар мен жаңа заман карталарындағы Қазақ мемлекетінің бейнесі – ұлттың өткеніне деген айрықша құрмет.
Еуропа мен Американың белгілі мұрағаттары мен ғылыми орталықтарынан мыңдаған құнды тарихи карталарды жинап, зерттеуінің нәтижесінде М. Сыдықназаров XV–XIX ғасырлар аралығында «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі» тұжырымдамасын ғылыми айналымға енгізді. Оның екі бірдей іргелі жұмысы 2021, 2024 жылдары Брюссель қаласында жарық көрді. Олар: «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ мемлекеті» және «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталарындағы Қазақ мемлекеті».
Ғалымның нақты картографиялық дәлел-дәйекке негізделген «үзіліссіз мемлекеттілік» тұжырымдамасы – қазақ тарихын зерттеуде аса құнды ой-түйін деп есептейміз. Себебі қазақ мемлекеті XV ғасырдан бері халықаралық деңгейде мойындалған мемлекет ретінде көп елдің карталарында көрсетілген. Бұл – бұрынғы тарихнамадағы дүдәмал, даулы пікірлерге нүкте қоятын, қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық тұтас саяси-территориялық дамуын айқындап берген бастама. М.Сыдықназаров зерттеулерінде ұлттық ономастика, тарихи лексикология, этнонимдер мен топонимдер қайта жаңғырды. Ғалым анықтап зерттеген жәдігерлерде қазақ этнонимдері мен атаулары бірнеше тілде транскрипцияланып жазылып, сақталған. Сондай-ақ Қазақ мемлекетінің демографиясына да қарасты мәлімет тапқан. Айталық, 1822, 1856 жылдардағы француз карталарында халқымыздың саны 4,5 миллион деп көрсетіліпті. Бұл дерек XX ғасырдың басындағы қазақтың демографиялық өсу динамикасын растайды.
Ғалым қазақ мемлекеттілігіне қатысты жүздеген политонимді анықтады. Соның ішінде, әсіресе «Жете» мемлекетінің атауы мен аумағы және осыған қарасты автордың ғылыми қорытындыларын жаңалық деп санауымызға болады. М.Сыдықназаров қазақ мемлекеттілігін этностық бірегейлік факторы ретінде жүйеледі, қазақ мемлекеттілігінің үзіліссіз тәуелсіздігін нақты дәлелдеді.
Мұхит-Ардагер еңбектері Қазақ мемлекетінің бұрын беймәлім болған ортағасырлық қалаларын ашуға және олардың орналасқан жерлерін нақтылауға өз септігін тигізіп отыр. Заманауи әдістерді қолдану арқылы автор қазақ мемлекеттілігі дамыған аумақтағы 25-ке жуық қалаларды анықтады (Шайбаншақ, Қосмай, Солқанат, Масуиз, Рисан, Найям, Рауоры, Барскөл, Анниби, Найманорум, Лакмары, Жерүм, т.б.). Оған қоса қазіргі Атырау өңірінен (Каспий теңізі) осы уақытқа дейін белгісіз Шайсуре/Бахтияр шығанағын айқындады.
Ғалым Қазақ мемлекетінің алты ғасыр бойғы үзіліссіз дамуын дәлелдей келе, тарихи тұлғалар жөнінде жаңа маңызды мәліметтер және дипломатиялық бастамалар жөнінде құнды ақпарат тапты. Мысалы, XV ғасырда дайындалған генуялық әлем картасында қазақ ханы Жәнібектің суреті мен 1557–1576 жылдары Англияда патшайым І Елизавета сарайындағы Қазақ мемлекетінің алғашқы дипломатиялық өкілі Ару-Сұлтанның портреті және осы әйел дипломат жөнінде Британ кітапханасы архивтеріндегі хроникалық деректер.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың зерттеулері тарихи картографияны жеке ғылыми бағыт ретінде қалыптастыруға ықпал етіп жатыр. Бұл ретте тарихи карталар тек географиялық емес, саяси, дипломатиялық, лингвистикалық, идеологиялық ақпарат көзі ретінде де қаралған. Ғалымның зерттеулері тарихи географияға, қазақ мемлекеттілігінің бастауына, этнология, мәдениеттану, түркітану, топонимика, ономастика саласына жаңа серпіліс әкелді.
Бүгінде Еуропа ғылыми қауымы М.Сыдықназаров еңбектеріне жіті назар сала бастады. 2023 жылы Француз Ғылым академиясы ғалымды арнайы шақыртып, арнайы баяндама жасатты. 2024 жылы Польша Ғылым академиясының шақыруымен осы елдің ғылыми жиыны мінберінен сөйлеп, жоғары баға алды. Ол «Қазақ мемлекетінің XV-XIX ғасырлардағы Еуропа және Америка карталары галереясын» Брюссель, Лондон, Париж, Чикаго, Сан-Франциско, Варшава, Мәскеу, т.б. қалаларда таныстырды. Бұл галерея елімізде (Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау, Түркістан, Өскемен, Қарағанды, Орал) ұсынылды.
Қорытындылай келе айтарымыз, Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақ елінің үздіксіз мемлекеттік дәстүрі. XV–XIX ғасырлардағы Еуропа мен Америка карталарындағы Қазақ мемлекеті» атты ғылыми еңбегі 2025 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алуға толық лайықты деп санаймыз.
Тұяқбай Рысбеков,
ҚР ҰҒА құрметті мүшесі,
Әсет Тасмағамбетов,
тарих ғылымдарының докторы, профессор