
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Кондициялық емес түсті металлургия шикізатынан жоғары сапалы селен алудың экологиялық қауіпсіз вакуум-термиялық технологиясын дайындау және оның өнеркәсіптік өндірісін ұйымдастыру» атты бұл жоба отандық ғылымның өндірістік маңызын арттыра отырып, қоршаған ортаны қорғау талаптарына да толық сай келеді. Ғалымдар вакуумды-дистилляциялық әдіс арқылы бұрын өндірістік қалдық саналған шикізатты қайта өңдеп, тек жоғары сапалы селенді ғана емес, сонымен бірге алтын, күміс және сирек элементтерді де тиімді жолмен бөліп алудың амалын тапты. Зерттеу барысында селенді басқа элементтерден (мыс, мышьяк, теллур) селективті түрде ажыратудың жаңа әдісі жасалып, нәтижесінде құнды компоненттер толық сақталып, кейінгі қайта өңдеуге жарамды күйінде алынатыны дәлелденді. Бұл тәсіл – ғылыми дәлдікке негізделген нақты өндірістік шешім.
Балқаш қаласындағы тәжірибелік өндірісте жүргізілген сынақ нәтижесінде жылына 0,001 тонна алтын мен 0,275 тонна күміс өндірістік айналымға қайтарылатыны анықталған. Бұл – тек экономикалық табыс көзі ғана емес, еліміздің табиғи ресурстарын тиімді игерудің нақты тетігі. Жаңа технологияның бейімделгіштігі жоғары: ол шлактарды, концентраттарды және құрамында құнды элементтері бар әртүрлі қалдықты қайта өңдеуге жарамды. Осы қасиеті оның Қазақстан бойынша түсті және асыл металлургия кәсіпорындарына кеңінен енгізілуіне жол ашады.
Ғылым мен инновацияны ел дамуының негізгі тетігіне айналдыру – бүгінгі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Ғылым – бұл жай ғана зерттеу алаңы емес, ол – экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Жасалған әрбір ғылыми жаңалық елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етуі керек», деп атап өткен еді. Осы көзқарас тұрғысынан алғанда, ұсынылып отырған жоба – министр айтқан талаптың нақты орындалуының жарқын мысалы.
Бүгінгі таңда аталған ғылыми жұмыстың нәтижелері тек ғылыми қауымдастыққа ғана емес, бүкіл қоғам үшін өзекті. Өйткені бұл технология қоршаған ортаға зиян келтірмей, өндірістік қалдықтарды толық игеруге мүмкіндік береді, ел экономикасына нақты пайда әкеледі және шетелге тәуелділікті азайтады. Бұл – экология мен экономиканың тепе-теңдігін сақтай отырып жасалған жаңашыл шешім.
Мұндай ауқымды жобаның жүзеге асуы – кәсіби ізденіс пен ғылыми табандылықтың, сондай-ақ отандық ғылым мен өндіріс арасындағы өзара ықпалдастықтың нәтижесі. Жобаны жүзеге асырған авторлар ұжымы – академик Б.Кенжалиев (жоба жетекшісі), В.Володин, Е.Оспанов, С.Требухов, А.Шахалов – Қазақстан Республикасының Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2025 жылғы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр. Бұл жетістік – ел ғылымының әлеуетін көрсететін, өндірістік практиканың нақты сұраныстарына жауап беретін маңызды жаңалық әрі отандық металлургия саласының келешегіне жол ашатын тың бетбұрыс.
Рахман АЛШАНОВ,
Тұран университетінің ректоры,
экономика ғылымдарының докторы, профессор