Экология • Бүгін, 08:00

Табиғатқа тағылық тоқтамай тұр

130 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Атырау тұрғындарын алаң­дататып отырған түйткілдің бірі – атмосфералық ауаның ластануы. Жұтар ауасы жұпар емес өңірдің экологиясы әлі жақсарар емес. Табиғаттың тазалығына тағылық жасау әрекетінің көкейкесті мәселеге айналғанына бірнеше жылдың жүзі ауды.

Табиғатқа тағылық тоқтамай тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жол картасының орындалуы сын көтермейді

Атырау облыстық экология депар­таментінің басшысы Асқар Жүсіповтің айтуынша, өнеркәсіп орындарында озық үлгілі технологиялар енгізіліп жатыр. Басты мақсат – атмосфералық ауаға, су ресурстарына, қатты тұрмыстық қал­дықтарды басқару арқылы қоршаған ортаға тасталатын зиян­ды заттарды азайту.

«Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен облыс әкімдігі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасын қабылдаған. Жол картасында өңірдің негізгі эко­логиялық проблемалық мәселелері зер­деленіп, бірінші кезекте шешуін қажет ете­тін жайттар айқындалған. Облыстың эко­логиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы 7 бөлімнен, 45 тар­мақтан тұрады. Осы кезге дейін 45 іс-ша­раның 9-ы толық көлемде орындалды. 7 іс-шара орындалу сатысында тұр. Орын­далмаған 23 іс-шара, орындау мерзімі аяқ­талмаған 6 іс-шара бар», деді А.Жүсіпов.

Мәселен, атмосфераны ластау­шы зат­тар эмиссиясын қысқартуға бай­ланыс­ты 7, көгалдандыруға қатысты 3, қалдықтарды бас­қару саласында 2 іс-шара орын­далмаған. Бұдан бөлек, су ресурс­тарын реттеу бөлімінде 6, авто­көлік шығарындыларын азайту жөніндегі 1, жер ресурстарын қорғау тапсырмасына байланысты 3 іс-шара әлі орындалмай отыр.

«Орындалу мерзімі былтыр өтіп кетсе де әлі толық шешімін таппаған бірнеше іс-шара бар. Біріншісі – Атырау қаласының оң жақ бөлігінде кәріз-тазарту қондырғыларын қалпына келтіру. Бұл жұмысқа облыстық құрылыс басқармасы жауапты болған. Екіншіден, Атырау мұнай өңдеу зауыты «Тухлая балка» булану алаңын қалпына келтіруді аяқтауды толық орындамады. Үшіншіден, «Квадрат» булану алаңы да әлі қалпына келтірілмеді. Оның орындалуына Атырау қалалық әкімдігі мен «Павлодар өзен порты» АҚ жауапты болатын. Төртіншіден, Атырау қаласындағы барлық кәріздік сорғы стансаларын қалпына келтіру аяқталмай тұр. Бұл іс-шараның жауапты орындау­шылары – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Атырау қаласының әкімдігі, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК. Бесіншіден, қала әкімдігі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қал­пына келтіруді толық орындаған жоқ. Ал­тыншыдан, Махамбет, Жылыой, Құрман­ғазы ауданының әкімдіктері «Sat Trans Servicе», «Sta Profit Company», «Көл­жан Ойл», «Норт Каспиан Ойл Девело­пмент» компанияларының мұнай өнім­дерімен ластанған жерлерді тазарту жөніндегі жұмыстарын ұйымдастыруды толық орындамады», дейді А.Жүсіпов.

Бүгінде Жол картасының жаңа жобасын жасау жүргізіліп жатыр. Бұған бірнеше жайт себеп болған. Атап айтсақ, Су ресурстары комитеті Су ресурстары және ирригация министрлігіне, Балық ша­руашылығы комитеті Ауыл ша­руашылығы министрлігіне, Геология комитеті Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігіне беріл­ген. Жол картасындағы кейбір іс-ша­ралар өзекті болмай қалған. Биыл Жол кар­тасының мерзімі аяқталатыны ескерілген.

«Облыстың экологиялық мәселелерін шешу мақсатында Атырау облыстық мәс­ли­хаты «Атырау облысы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекітті. Іс-шара жоспарына «Атырау облысының қоршаған орта жағдайын және тұрғындарының денсаулығын кешенді бағалау, экологиялық жағдайды бағалау белгісі шеңберінде зерттеулер жүргізу, халық денсаулығына антропогендік фак­торлардың әсе­рін бағалау» іс-шаралары ен­гізілді», дейді департамент басшысы.

 

Қоршаған ортаны қандай компаниялар бүлдіреді?

Департамент басшысының мәліметін­ше, бірінші санаттағы 83 компания бар. Оның 50%-ы мұнай-газ өндіру секторында жұмыс істейді. Мұнай өңдеу, газ-химия секторындағы компаниялардың үлесі – 5%. Компаниялардың 15%-ы полигондар мен қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру саласында тіркелген. 21%-ы өндірістің басқа секторларына тиесілі. Eкінші санаттағы 30 кәсіпорынның 64 нысаны тіркеуге алынған. Үшінші санатта 113 нысан бар. Оған 64 компания иелік етеді.

«Былтыр ластаушы шығарын­дылардың нақты көлемі 117,8 мың тоннаны құрады. Бұл – 2021 жылғыдан 37,7 мың тоннаға (24%) аз. Ауа бассейнін ластайтын шы­ғарындылардың негізгі үлесін бірінші санат­тағы ірі компаниялар (90%) құрап отыр. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-нің үлесі – 142,957 мың тонна. «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясында 61,506 мың, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ-да 11,480 мың, «Атырау МӨЗ» ЖШС-де 11,480 мың тонна болды», деді А.Жүсіпов.

Жергілікті экологтер 5 айда шаруашы­лық жүргізуші субъек­тілерге 16 бақылау, жоспардан тыс 10, заңда көзделген талап­тарға сәйкестігіне 1 тексеру жүр­гізді. Тек­серулер нәтижесінде экологиялық заңна­маны бұзудың 38 фактісі анықталды. Қор­шаған ортаны қорғау заңдылығын бұз­ғандарға 8 нұсқама беріліп, 916 858 мың теңгеге 86 әкімшілік айыппұлы салынды. Сот шеші­мімен шаруашылық қыз­метті тоқтата тұру туралы 2 талап-арыз қанағаттандырылды.

Департамент басшысы жұрт­шылық арасында резонас тудырған бірнеше деректі алға тартты. Бір қызығы, қоршаған ортаның тазалығына нұқсан келтіргендер – мұнай-газ өнеркәсібінің компаниялары.

Айталық, Қызылқоға ауда­нындағы Тайсойған кен орнында бұрғылау шламы тасымалдау кезінде топыраққа төгіл­ген. Соның салдарынан жер бүлінді. Осы дерекке қатысты жоспардан тыс тек­серу жүргізіліп, тапсырыс беруші «Ембі­мұ­найгаз» АҚ-на 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мердігер «Мұнай Сервис ЛТД» ЖШС-не салынған айыппұл көлемі – 3 932 мың теңге. Сондай-ақ субмердігерлік қызметті атқарған «Эко-Техникс» ЖШС-не де 589 800 теңге айыппұл салынған.

Екінші дерек те «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қызметімен байланыс­ты. Компа­нияның «Жылы­оймұнайгаз» басқар­ма­сына тие­сілі «Батыс Прорва» кен ор­нындағы №437 ұңғымада газ атқылады. Ұңғыма Жылыой ауда­нында орналасқан. Жоспардан тыс тексеру кезінде мұнда тиісті өндірістік экологиялық бақылау жүргізілмегені анықталды. Сол себепті, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328, 325-баптарына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, қаралып жатыр. Әзірге жерді бүлдіру дерегіне қатысты қыс­қартылған түрде 1 966 мың теңге көле­мінде әкімшілік айыппұл өндірілді.

«Karabatan Utility Solutions» ЖШС мен мердігері «IDOS Services» жеке кәсіпкерлігіне вакуум автокөліктерімен белгісіз сұйықтықты арнайы белгіленбеген орындарға төгу, жерді бүлдіру дерегі жөнінде жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-не 1 081 300 теңге көлемінде әкім­шілік айыппұл салынды. Сонымен қоса жерді бүлдіру дерегіне қатысты Қыл­мыстық кодексте көзделген процессуалды шешім қабылдау үшін тиісті құжаттар полиция органына жолданыпты.

«ANACO» ЖШС тарапынан ластау­шы шығарындыларды экологиялық рұқ­сат­сыз шығару дерегі анықталып отыр. Соған байланысты компанияға 897 024 322 тең­генің айыппұлы салынған еді. Компания бұл шешіммен келіспей, сот инстанциялары­на шағым түсірді. Алайда соттардың қаулы­ларымен айыппұл сомасы өзгерген жоқ.

«Қожан» АҚ-ның «Морское» кен ор­нындағы №56 ұңғымасында экологиялық заңнамалар сақтал­май, апаттық жағдай туын­дады. Бұған да жоспардан тыс тексеріс жүргізу жөнінде ше­шім қабылданды. Неге екені белгісіз, «Қожан» АҚ апатты тиісті органдарға уақытында ха­барламаған. Осыған байланыс­ты компаниядан 393 200 теңге айыппұл өндірілді. Сондай-ақ апаттық шығарындыларды рұқсатсыз шығаруға қатысты қосымша 979 778 теңге айыппұл салынған.

Күкірттен де қауіп мол

Каспий теңізінің отандық секторын­дағы «Қашаған» кен орнынан өндірілген мұнай «Болашақ» қондырғысында газ бен күкірттен тазартылады. Қондырғы аума­ғын­да күкірт тау секілді жинау­лы тұр. «Бо­лашақ» мұнай-газ дайын­дау қондыр­ғысы Мақат ауданы аумағын­да орналасқан. Қарабатан елді мекені тұсындағы қон­дырғы мен Атырау қаласы­ның аралығы – шамамен 35 шақырым. Биыл мамыр айын­да әлеуметтік желі мен телеарналарда «Болашақ» қондырғысының аума­ғында күкірттің жинаулы тұрғаны жө­нінде дерек тарады. Мәселенің мән-жайын білмек ниет­пен облыстық экология депар­таментінің баспасөз қызметіне хабар­ласқан едік.

«Экологиялық инспекция 2022 жылы «North Caspian Operating Company N.V.» (NCOC) компаниясының жерүсті кешенін тексеру нәтижелері бойынша бірнеше бұзушылықты анықтады. Біріншіден, рұқсат етілген 730 тонна күкірттің орнына 1,7 млн тонна күкірт орналастырылған. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғау шаралары орындалмаған. Үшіншіден, экологиялық рұқ­сатсыз сарқын суларды ағызған. Төртіншіден, мемлекеттік эколо­гиялық сараптаманың қоры­тындысында қамтылған талаптар сақталмаған», деп хабарлады департа­менттің баспасөз қызметі.

Алайда NCOC компаниясы тексеру нәтижелерімен келіспей, Астана қалалық сотына шағым түсірген екен. Сот компанияның талап арызын ішінара қанағат­тандырып, ұйғарымдағы 10 тар­мақтың 3-еуін ғана заңсыз деп таныған.

«Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 27 ақпанда экология департаментінің шағымын толығымен қанағаттандырды. Табиғат қорғау инспекторлары ұйғарымының барлық тармағы заңды деп танылды. NCOC аталған сот қаулысына қатысты кас­сациялық шағым түсірді. Қазір бұл ша­ғы­м Жоғарғы сотта қаралып жатыр», деп мә­лімдеді департаменттің баспасөз қызметі.

 

Атырау облысы