Экономика • Кеше

Экономикалық өсім – тұрақты дамуға негіз

40 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 6 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылу нәтижесі қаралды. Артынша баспасөз маслихаты өтіп, Премьер-министр мен орынбасарлары қоғамда қозғалып жүрген мәселелерге қатысты тілшілер сұрақтарына жауап берді.

Экономикалық өсім – тұрақты дамуға негіз

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Үкімет отырысында Премьер-ми­нистр­дің орынбасары – Ұлттық эконо­мика министрі Серік Жұманғарин эко­номикадағы қазіргі ахуал туралы, ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сү­лей­менов фискалдық және ақша-несие саясатын іске асыру жөнінде, респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев баян­дады. Сонымен қатар тағы бірқатар ведом­ствоның жартыжылдық жұмысы тыңдалды.

2025 жылғы қаңтар–маусым айларында ІЖӨ көрсеткіші 6,2%-ға жеткен. Өсу қарқынының артуы құрылыс, сауда, өнеркәсіп пен байланыс саласында тіркелді. Тиісті ведомство басшыларының ақпаратына қарағанда әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамай, ел экономикасы оң нәтиже көрсетіп отыр.

Олжас Бектенов Президенттің экономиканы әртараптандыру мен оның ұзақмерзімді әрі тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне назар аударды. Осыған байланысты іскерлік белсенділікті ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту мен цифрлық технологияларды енгізу үшін қажетті, Үкімет қабылдаған кешенді қадамдардың маңыздылығын атап айтты.

«Мемлекет басшысының экономика­лық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет тарапынан жүйелі шаралар қабылданып, іске асырылып жатыр. Негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика бар. Инвестицияны белсенді түрде тарту түрлі салада аса маңызды бірқатар инфрақұрылымдық жобаны бастауға ықпал етті. Президент өңіріміздегі тұңғыш суперкомпьютер кластерін іске қосты. Оны қолдану кең ауқымды цифр­ландыру мен ашықтықты арттырып, көптеген экономикалық мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді», деді ол.

Премьер-министр экономиканы әртараптандыру арқылы ұзақмерзімді әрі орнықты өсімді қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. Әуелі негізгі капиталға салынатын инвестиция мен тікелей шетелдік инвестициялар бойынша нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету керектігін тәптіштеді.

Осыған байланысты өңірлік инвести­циялық штабтарды неғұрлым белсенді пайдалану міндеті қойылды. Жоғары технологиялық өнім шығару саласында экспортқа бағдарланған жобаларға баса назар аудару қажет. Өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі үшін ұзақмерзімді тапсырыс­тармен қамтамасыз ете отырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік жүктемесін арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар арнайы экономика­лық және индустриялық аймақтарда тиісті инженерлік, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын құру жұмыстарын жеделдету қажет екенін айтты. Сөйтіп, халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын белсенді түрде тартудың маңызды екенін жеткізді. Одан кейін еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі кеңейту үшін көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыру шараларын жеделдету туралы жауапты ведомстволардың алдына міндет қойылды.

«Алдағы жылдары 3 мың шақы­рымнан астам автокөлік жолын күрделі жөндеу, өткізу бекеттерін жаңғырту, Қазақстан арқылы өтетін теміржол дәлізі аясында жаңа жобаларды іске асыру, халықаралық авиахабтар құру жұмыстары басты назарда болуға тиіс. Бұл шаралар 2028 жылға қарай әуе көлігімен жүктерді тасымалдау көлемін, сондай-ақ 2027 жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы алдағы егін орағы мен жылыту маусымына дер кезінде дайындалу үшін ішкі тасымал кө­лемін ұлғайтуды, сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жеткілікті әрі сапалы қорын қалыптастыру үшін тиімді логистиканы қамтамасыз етіп, өнімді сақтау мен сату тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Мүдделі мемлекеттік органдарға сауда саласының одан әрі дамуы мен отандық өнімнің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін арнайы аграрлық азық-түлік маркетплейсін құру бойынша ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Мұнай-газ саласында «Теңіз» кен орнындағы «Болашақ» кеңейту жобасы мен «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» жобасын толық іске қосуды аяқтауды, сонымен қатар газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруды барынша жеделдету керек екенін меңзеді. Сөйтіп, орталық пен жергілікті атқарушы органдарға Инфляцияны бақылау мен төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бағаны тұрақтандыру – Үкімет пен әкімдіктер жұмысының маңызды басымдығы. Өңірлер ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету мен делдалдық схемаларды анықтау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Бұл орайда тұрақтандыру қорлары, форвардтық келісімдер, субсидиялау мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты тиімді құралдар бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту керек. Барлық бағыттар мен салалар бойынша кең ауқымды шараларды жүзеге асыру – тұрақты экономикалық өсімнің берік негізі», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы отырыстан кейін өткен баспасөз мәслихатында елдегі алғашқы атом электр стансасын салуға тартылады делінген 14 млрд доллардың неше пайызын отандық компаниялар игеруі мүмкін екеніне өз пікірін білдірді.

«АЭС құрылысына мүмкіндігінің барынша отандық компанияларды тартатын боламыз. Бірақ әлі нақты цифрды айту мүмкін емес. Себебі жобалық-сметалық құжаттар дайын емес. Құжат дайындалып болған соң ғана нақты цифр­лар көрінеді. Сонда нақты айта аламыз. Десек те, басты қағида – отандық компанияларды тарту» деді О.Бектенов.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жобалық-сметалық құжаттар келесі жылы ғана дайын болатынын жеткізді. Оның айтуынша техникалық-экономикалық негіздеме желтоқсан айына қарай дайын болады. Ал жобалық-сметалық құжаттар келесі жылы дайындалады. Ал алғашқы АЭС-тің 14 млрд доллар болатыны Атом энер­ге­тикасы жөніндегі агенттіктің есебі ғана екен.  Жоба құжаттарын нақтылау кезін­де бұл сан әлі өзгеруі мүмкін көрінеді.

Өскемен, Семей, Көкшетау қала­ларында салынуға тиіс үш жылу-электр орталығының тағдыры да БАҚ өкілдерінің назарынан тыс қалмады. «Үш ЖЭО бойынша бастапқыда ресей­лік серіктестермен бірге іске асыру мүмкіндігі қарастырылды. Әзірге Ре­сейден кепілдендірілген, арзандау қар­жыландыру ұсыныстары туралы нақты ақпарат алған жоқпыз. Сондықтан Көк­шетауда өз күшімізбен сала бастадық. «Самұрық-Энерго» да айналысып жатыр. Семей мен Өскеменге келсек, Ресей тарапынан әлі жауап күтіп жүрміз. Егер жауап жақын арада болмаса, жобаны өз бетімізбен іске асырудың жолын қараған жөн», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысына газ саласына қатысты сұрақ та қойылды. «Газ саласына экономикалық негізделген тарифтік саясат қажет», деген ол Үкімет салаға инвестиция тартуды ынталандыру мен газдандыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын айтып өтті. Президенттің елді толық газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде түрлі мүмкіндіктерді қарастырған ләзім. Оның қатарында өзіміздегі газ ресурстарын пайдалану, сондай-ақ шектес мемлекеттерден газ импорттау шаралары да бар. 

Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру мақсатында «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры­ның екінші, үшінші және төртінші кезеңдерін салуды жалғастыру жос­парланыпты. Жобаны іске асыру үшін қуаттылығы жылына 15 млрд текше метр болатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу қарастырылып отыр. Бүгінде қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейін жететін, үш жаңа компрессорлық стансасы бар ұзындығы 1 450 шақырымдық газ құбырының желілік бөлігін салуды көздейтін бірінші кезең бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Аяқтау мерзімі 2026 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар Үкімет солтүстік және шығыс аймақтар үшін көрші елдерден газ импорты бойынша әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізуде. Осыған қатысты Олжас Бектенов газ саласын одан әрі дамыту теңдестірілген және экономикалық негізделген тарифтік сая­сатты қалыптастырып алмай  мүмкін емес екенін атап өтті.

«Біздің ішкі нарықтағы газ бағасы әлемдік нарықтан әлдеқайда арзан. Сондықтан бірқалыпты, бұрмаланбаған жағдай туғызу мақсатында бағаның біртіндеп көтерілуін қадағалаймыз. Сонда газ саласы инвестициялық тартымды болып, әрі қарай дамиды», деді ол.

Баспасөз мәслихатында елдегі инфляция деңгейі мен оған сабақтас бірнеше сұрақ Үкімет басшысына қойылды.

«Қазіргі таңда елімізде инфляция деңгейі 11,8 пайыз деңгейінде тіркеліп отыр. Бұл – жоғары көрсеткіш. Бірақ бұл жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Үкімет пен Ұлттық банк тарапынан инфляцияны тежеу жөнінде нақты әрі үйлестірілген іс-шаралар кешені іске асырылып жатыр», деген Олжас Бектенов, Үкіметтің алдағы мақсаты, жыл соңына дейін инфляцияны 10 пайызға дейін төмендету екенін айтты. «Бұл оңай міндет емес, бірақ қол жеткізуге болады деп есептейміз», деді ол.

Айта кететін маңызды мәселе – инфляция мен экономикалық өсім қатар жүретін табиғи құбылыс. Яғни экономика қарқынды дамыса, тұтыну да артады. Ал бұл өз кезегінде баға деңгейіне қысым түсіреді.

«Бірақ біз үшін бастысы – осы өсімнің нәтижесінде халықтың нақты табысы өсіп отыруға тиіс. Егер азаматтардың табысы инфляциядан жоғары өссе, онда бұл экономикалық өсімнің игілігі халыққа тиіп жатыр деген сөз. Сондай-ақ халықтың алаңдаушылығын тудырып отырған ақылы қызметтер тарифтері де Үкіметтің жіті бақылауында. Бұл ретте жеке монополиялар мен табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік саясаттары қайта қаралып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар кейбір қызмет түрлерінің бағасын көтеруді кейінге қалдыру немесе шектеу қою мәселесі қарастырылуда. Бұл шешімдер халықтың әлеуметтік жағдайына қарай қабылданады», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Ресейге қарсы санкциялар мен жаһандық геосаяси тұрақсыздық салдарынан логистика бағыттарының өзгеруі, импорттық тауарлардың қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі сынды факторлар бағаға қысым түсіріп отырғаны жасырын емес. Осыған қарамастан, ішкі нарықты тұрақтандыру үшін Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына интервенция жасау, «айналым схемасы» арқылы ірі сауда желілеріне арзандатылған өнім жеткізу, инфляцияны бақылауға арналған өңірлік штабтардың жұмысын жандандыру, бағаны негізсіз көтерген кәсіпкерлерге қарсы бақылау шараларын күшейту сынды бірқатар жүйелі іс-шараларды жүзеге асырып отыр.

«Қорыта айтқанда, баға тұрақтылығы – Үкімет үшін басым бағыттардың бірі. Бірақ инфляцияны механикалық жолмен ғана емес, халықтың табысын арттыра отырып, жүйелі және теңгерімді жолмен шешу – негізгі мақсат», деді Үкімет басшысы.