Аймақтар • Бүгін, 08:10

Суармалы алқаптар – ырыздық көзі

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаркент жерінде үш ірі су қоймасы салынады. Бұл – өңірдегі суармалы алқаптарды көбейтуге бағытталған ауқымды жоба. Құрылыс жұмыстары Өсек, Тышқан, Қорғас өзендерінің бойында жүргізіледі. Алдағы үш жылда нысандар толықтай ел игілігіне беріліп, игерілген жер көлемі 5 мың гектарға ұлғаяды.

Суармалы алқаптар – ырыздық көзі

Жетісу жерінде су тапшылығы салдарынан жылдан-жылға кеми бастаған суармалы егістік алқаптарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Биыл Панфилов ауданындағы су қоймаларының жұмыстары басталды. Бұл бұрын игерілген 45 мың гектарға жаңа алқап қосуға, дақылдардың өнімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.

«Негіздемелерді дайындауға 2023 жылдан бері облыстық бюджеттен 67,7 млн теңге жұмсалды. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға берілген, оның қорытындысы биылғы тамыз айында тиянақталады. Су қоймаларының құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны техникалық-экономикалық негіздемелерге сәйкес 100,3 млрд теңгені құрайды. Су қоймаларының сыйымдылығы – 35 млн текше метр, оның 15 млн текше метрін Өсек су қоймасы қамтыса, қалған Тышқан, Қорғас су қой­маларының әрқайсысы 10 млн текше метр­ден су жинақтай алады», дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбеков.

Су қоймаларының құрылыс-монтаж жұмыстарын Ислам Даму банкі қаражаты есебінен жүргізу жөнінде Су ресурстары және ирригация министрлігімен келісілген, 2025–2029 жылдарға арналған арнайы кешенді жоспарға енгізілген.

Бұған дейін су қоймаларын салудың алғышарттары жасалған. Осы істің барысымен танысу, осыдан алпыс жыл бұрын салынып, әбден тозығы жеткен бетон каналдарды жөндеуден өткізу жайын байыптау мақсатында Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов, Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ыбрайханов, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева келді. Қонақтар салаға жауапты тұлғалармен бірге Қорғас өзенінің бойындағы халықаралық «Достық» су бөлу бекетінде су қоймаларына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, кеңес өткізді. Сонымен қатар аудан аумағында туризім индустриясын қалыптастыру жолдарын қарастырды. «Қазсушар» РМК Жетісу облыстық филиалының басшысы Саят Құдайбергенов «Достық» халықаралық су бөлу бекетінің жұмысымен таныстырды.

«Бекет арқылы Қорғас өзенінің суы Қытай мен Қазақстан тарапына теңдей бөлініп, Басқұншы, Атамекен, Бірлік ауылдық округтеріндегі 10 мың гектарға жуық егістік алқаптары суарылады. Мұнда өзен суының екі тарапқа тұрақты тең бөлінуін бақылап отыратын арнайы диспетчерлік орталық та бар. Қорғас су қоймасы Басқұншы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылының батыс жағында, елді мекеннен 4 шақырым қашықтағы Қарабастау сайына орналас­тырылады. Мұндағы қырдың ұзындығы – 2 079 метр, бөгеттің биіктігі – 50 метр, жалпы аумағы 37,3 га жерді қамтымақшы. Құрылыс-монтаж жұмыстарының болжамды құны 56216,8 млн теңгені құрайды», деді С.Құдайбергенов.

Қорғас су қоймасын, экономикалық негіздемесіне сәйкес, болашақта жалпы 1 268 ауылшаруашылық тауар өн­діру­шілері пайдаланып, 14 119 га егінді су­мен қамтамасыз етпек. Дәндік жүгерінің өнім­­ділігін гектарына 70 центнерден 80 цент­нерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

«Өсек өзеніндегі су қоймасы Бетағаш аталатын шатта салынады. Жалпы аумағы 66,87 гектарды қамтып, қырының ұзындығы 1 786 метр, биіктігі 50 метр болады. Жотаның ені – 10 метр. Құрылыс-монтаж жұмыстарының болжамды құны 23163,1 млн теңгені құрайды. Қойма жалпы 1 745 ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің 21 810 гектар егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Дәндік жүгерінің өнімділігін гектарына 60 центнерден 80 центнерге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары кезінде 150 адам, пайдалану кезеңінде 15 адам жұмыспен қамтылмақшы», дейді «Юпитер» зерттеу орталығы» ЖШС ме­нед­­­жері Мырзағали Райымқұлов.

Тышқан өзеніне салынатын су қоймасы Сарыбел ауылының шығыс жақ тұсындағы Байқатын теліміне орналастырылады. Жалпы аумағы 64,8 гектарды қамтымақ. Бөгет түрі – үйінді жер, жалпы барлық су қой­малары осындай әдіспен салынады. Қы­рының ұзындығы – 560 метр, ені – 10 метр, су шығару қондырғысы бола­ды. Құрылыс-монтаж жұмыстарының бол­жамдық құны 17 062,2 млн теңге көлемінде. Суару алаңы 6 779 гектарды қамтиды.

«Тышқан өзеніне салынатын су қоймасы өңірдегі 335 шаруашылыққа қарасты 6 048 гектар егін алқабын сумен қамтамасыз етеді. Су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін осы өңірдегі 731 га жаңа суармалы жер айналымға қосылады», дейді С.Құдайбергенов.

Басқосуда депутаттар үш су қоймасын салуға жұмсалатын қаржыны нақтылау, жобалық сметалық құжаттарды дайындау­ды облыстық бюджетке жүктеу мәселесі жөнінде айтты. Сонымен қатар өңірдегі ішкі шаруашылық су жолдары мен «Қазсушар» мекемесіне қарасты каналдарды жөндеуден өткізудің нақты жобасын жасау ұсынылды. Сенат депутаты Закиржан Кузиев өңірде туризм индустриясын өркендетудің мүмкіндіктері мол екенін, оны жедел қолға алу туралы айта келіп: «Қорғас, Тышқан, Өсек өзендерінің басындағы тау шатқалдары көркем көріністерге бай. Қазанкөл, Алмалысу, Ойжайлау сияқты табиғаты әсем орындар саяхатшыларды қызықтыратыны сөзсіз. Алайда қат-қабат қойылған шекара бекеттері саяхатшылардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді екен», деді.

Тағы бір айта кететін мәселе – өңірдегі жүгерішілердің жайы. Басқұншы ауы­лында 150 гектар жерін тамшылатып суа­ру әдісіне көшіріп, жүгері алқабын жай­натып отырған «Айгерім» шаруа қожа­лығының басшылығы өнімді өткізуде кедер­гілер барын алға тартты. Сондай-ақ тоз­ған су каналдарын жөндеу жайы сөз болды.

 

Жетісу облысы