
Фото: коллажды жасаған Толғанай Батырхан/ egemen.kz
Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің бұрынғы кеңесшісіне әйелін жүйелі түрде ұрып-соғу арқылы, денсаулыққа ауыр немесе орташа ауыр зиян келтірмей, материалдық тәуелділікте болған адамға тән және психикалық азап келтіргені үшін айып тағылған.
Сәкен Мамаш заңды некеде тұрған жұбайына берілген қаражатты өзі алып, үй шаруасына қатысты барлық шығындарды қаржыландырып отырған.
Сондай-ақ айыпталушы Карина Мамашқа туыстары мен құрбыларымен араласуға тыйым салып, оның қоңыраулары мен хат-хабарларын, жүріс-тұрысын бақылап отырған.
«Жалған қызғаныштың негізінде, мемлекеттік қызметкер ретінде ант қабылдаған М. 2019–2024 жылдар аралығында, Астанада және кейіннен БАӘ, Абу-Дабиде жүрген кезінде жүйелі түрде күш қолданған яғни жұдырықпен денесінің түрлі жерлеріне және басына дене жарақаттарын салған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, сараптамалық қорытындылармен, бейнежазбалармен, скриншоттармен және өзге де істің материалдарымен дәлелденді», делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.
Десе де сотталушы кінәсін мойындамай, ақтауды сұраған. Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлардың жоқтығын, ал ауырлататын мән-жай ретінде сотталушының өзі қабылдаған антты бұзып, құқық бұзушылық жасағанын ескеріп 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.