Экология • Бүгін, 09:15

Экологиялық мәдениет – елдіктің көрсеткіші

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы Шымкент қаласында жүйелі жүзеге асырылып келеді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының дерегінше, тазалық жұмыстарына 300 мыңнан астам адам қатысқан. Сенбіліктерге 10 мыңнан астам техника жұмылдырылып, ­25 мың тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар қоқыс полигонына шығарылды.

Экологиялық мәдениет – елдіктің көрсеткіші

Тазалық жұмыстары үздік­сіз жалғасып жатыр. Оған 150-дей техника мен екі мыңнан астам еңбеккер жұмылдырылған. Сенбіліктерге қала тұрғындары ерекше ықылас танытады. Акцияға үлес қосқандар арасында еңбек арда­герлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, түрлі мекеме қыз­меткерлері мен ерікті жастар бар.

Экологиялық бастама аясында өткен жылы қалада 200 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды. Мегаполисте тазалыққа қатысты тұрғындардың ұсы­ныс-шағымдарын қабылдайтын желіде «TazaQazBot» арнайы платформа іске қосылды. Бүгінге дейін оған тұрғындардан 205 өтініш келіп түскен. Оның 159-ы қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Жергілікті әкімдік қаланы көрік­тен­діру мақсатында бірталай жұмыс атқарып жатыр. Шаһардың магистралды жол қиылыстарына, айналма жолдар мен жол жиектеріне көпжылдық раушан гүлдері егілді. Мамандар гүлдердің түрі мен түстік үйлесіміне де ерекше мән берді. Қаланы көркейту жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда биыл 13%-ға артық орындалды.

Бүгінде жол жиектеріне көгал егіліп, тамшылатып суару жүйесі орнатылып жатыр. Сол арқылы көшедегі шаң-тозаңды азайтып, жалпы шаһардың экологиясын жақсарту көзде­ліп отыр. Одан бөлек, жаз күндері аптап ыстықта салқын ауа клима­тын қалыптастыру мақсатында қалада бір­­қатар жұмыс қолға алынды. Атап айтқанда, шаһардың әр аумағында орна­ласқан қалалық жайлы ортаны дамыту бас­қармасына қарасты 40 субұрқақ жөнделіп, жаңартылып жатыр. Бұл жұмыстарға қазынадан 250 млн теңге бөлінді. Сонымен бірге «БМК» каналынан «Жаңа шек» каналына секундына 200-250 литр су босатылды. Осы каналдан тараған ағын су Аймауытов, Ақпан батыр, Иляев, Адырбеков, Тәуке хан даңғылы, Толстой, Тәшенов, Қазыбек би, Дулати, Шаймерденов, Желтоқсан, Темірлан тас жолы көшелерінің жие­гіндегі арық-атыздарға барып құйы­лады. Алдағы уақытта «Шымкент» кана­лы арқылы Қазыбек би, Дулати көше­­леріндегі, Абай саябағы бойындағы арық­тарға су жіберу көзделіп отыр.

Қалада жайлы ортаны қалып­тас­тыруға өзен-көлдердің жағасын бекіту жұмыстары да кіреді. Айталық, осы бағытта Бадам өзенінің арнасы нығай­тылды. Соның нәтижесінде, Жылан­бұзған, Тоғыс, Маятас тұрғын алаптары, Абай, Тұран аудандарындағы елді мекендерге төнетін қауіп сейілді. Биыл да өзеннің біраз аумағында жағалауды бекіту жұмыстары жүр­гі­зіледі. Осы мақсатқа орай жобалық-сметалық құжат­тамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптама жасалды. Құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталады. Сондай-ақ демеушілер есебінен Маятас тұр­ғын алабында жаяу жүргіншілерге арналған көпір мен ойын алаңшасы салынды. Ал Қызылжар елді мекенінде аспалы көпір құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Бұдан өзге, биыл «Абай», «Металлург», «Алатау», «Жеңіс», «Отбасы аллеясы» саябақтарында бала­лар ойын алаңдарының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, қалада жаңа аллеялар бой көтеріп жатыр. Кейінгі екі жылда бірнеше гүлзар салынып, тұрғындар игілігіне берілді.

Әкімдік қолға алған жұмыстың бірі – орман қорын молайту. Кейінгі үш жылда 276 га жерге 230 мың түп көшет отырғызылды. Мамандардың айтуынша, жасыл желек қаланың экологиялық ­ахуалын жақсартады. Өйткені жылдан-жыл­ға шаһарда көлік пен өндіріс ошақ­тары­­ның саны артып келеді.