
Аталған іс-шара барысында оқушылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер, әр салада еңбек етіп жүрген жұмысшы жастар ұлттық спорт пен ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түсті.
Жарыстың алғашқы күні әуесқой спортшылар садақ тартып мергендік қабілеттерін сынап көрді. Сондай-ақ зияткерлік ойынға қатысып, білім мен ой бәсекесіне түсті. Әсіресе осы күнгі волейболшылар жарысы аса тартысты өтті.
Іс-шараның үйлестірушісі Марғұлан Бәкірдің айтуынша, басты мақсат – ауыл жастарының басын қосатын әрі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын өңірлік жоба қалыптастыру, осы арқылы өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына шақыру.
Этно-реалити жобасының екінші күні балуандар белдесуі басталып, көрермен жарты күн бойы боз кілемнің үстінен қызық аулады. Түс ауа қой көтеру, арқан тартыс тәрізді ұлттық ойындарға кезек берілді. Мұның соңы аудан еріктілерінің «Тазалықты өзіңнен баста» экологиялық акциясына ұласты.
Ауыл жастарын бір серпілткен іс-шара соңында жарыс жеңімпаздары марапатталып, көпшілік аудан, облыс көлемінде өнер көрсетіп жүрген дарынды әнші, күйшілердің концертін тамашалады.
Қостанай облысы