Шымкент • Бүгін, 09:20

Мегаполистің бүгінгі индустриялық мүмкіндігі

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, бүгінде Шымкентте жалпы аумағы 1 276 гектарды құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Ол жерде 670,1 млрд теңге сомасында 427 жоба іске асырылып жатыр. Осы күнге дейін 323,9 млрд теңгені құрайтын 304 жоба аяқталып, 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды.

Мегаполистің бүгінгі индустриялық мүмкіндігі

Суретті түсірген – Мақсат Тұртаев

«Оңтүстік» индустрия­лық аймағында құны 130 млрд теңге болатын 96 кә­сіп­орын ор­на­ласқан. 3 064 адамға жұмыс орны көз­дел­ген. Қазір 83 кә­сіпорын іске қосылған, онда 2 785 адам еңбек етеді. Осы жобаларды іске асыруға 120 млрд теңгенің инвестициясы тар­тылды. 2024 жылы 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба қолға алынып, 68 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұлар – поли­этилен өнімдерін өндіретін «Easy Pack» зауыты, ПКС маркілі кар­тон шығаратын «Бумпром» кәсіп­орны және өнеркәсіптік электр жаб­дықтары мен аккумулятор жасайтын «Береке инвест-5».

«Тассай» индустриялық айма­­ғында жалпы құны 95,3 млрд теңгеге 42 жоба тіркел­ген. 33 кәсіпорын ашылып, 2 мыңнан астам адамға жұмыс табылды. 95,3 млрд теңгеге 3 030 жаңа жұмыс орнымен 42 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 44,5 млрд теңгеге 33 жоба іске қосы­лып, онда 2 195 жұ­мыс орны ашылды. Былтыр «Shymkent-Reklama» ЖШС-ның жарнамалық құры­лымдар өн­діретін және қызмет көр­сететін кәсіпорны іске қосылды. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Жобаға инвес­тор 100 млн теңге инвестиция құйған.

САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ орталығында 9 жобаны атап өту керек. Оларға 70,5 млрд теңге инвестиция жұмсалған. 810 жұмыс орны құрылады деп көрсетілген. Дәл қазір онда 9 жобаның төртеуі іске асырылып, 345 адам еңбекпен қамтылды. Жұмсалған инвестиция 24 млрд теңгеден асады.

шымкент

«ОҢТҮСТІК» арнайы эконо­микалық аймағында 67,9 млрд теңгеге 41 кәсіпорын салынды. Мыңнан аса адам жұмыс істейді. Былтыр кәсіпкерлер 7,8 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны бастап, 350-дей адамды жұмыспен қамтыды. Төрт жоба деп отырғанымыз – «Balabi textile» ЖШС-ның шұлық бұйымдары өндірісі, «Cleans Fabric» ЖШС-ның ылғалды майлықтар шығаратын кәсіпорны, аяқкиім тігетін «Nappa.kz» ЖШС фабрикасы және ылғалды майлықтар өндіретін «Hayat cosmetics» ЖШС зауыты. Аталған 4 өндіріс ошағын іске қосуға миллиардтаған теңге инвестиция салынып, нәтижесінде жүздеген адам қазір сонда еңбек етіп жатыр.

«ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағының инженерлік-инфра­құрылым жүйелерінің құрылысы 90%-ға аяқталды. Оған мемлекет қазы­насынан 13,7 млрд теңге қара­жат жұмсалды. Мұнда келешекте 59 зауыт салынады. Төрт мыңнан аса адам еңбек етеді. Осы мақсатты орындауға инвесторлар 179 млрд теңге қаржы жаратуға дайын.

Ал биыл 7 кәсіпорын өнім шығаруды бастады. Ол үшін 39 млрд теңге жұмсалды. Қазір кәсіпорындарда 951 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл 7 жоба – «Wan Sheng Ceramic» ЖШС-ның керамикалық тақталары, «First Concrete Company» ЖШС-ның темір-бетон бұйымдары, «Alem Stone» ЖШС-ның асфальт өндірісі, «ДСК 17» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты, «Оңтүстік Ғимарат» ЖШС-ның асфальтбетон шығару жобасы, «Евро Знак» серіктестігінің көпір және жол конструкцияларына арналған темір-бетон мен «Юг Oil Pro» фирмасының битум қабыл­дау, сақтау және асфальт өнді­рі­стері.

«БОЗАРЫҚ» агро-индус­триялық аймағының жалпы аума­ғы 132 гектар­ды құрайды. Аймақта жалпы құны 49,6 млрд теңгенің 25 жобасын іске асыру көзделіп отыр. Бүгінде аталған аймақтың инже­нер­лік-инфрақұрылым желі­лері­нің құрылыс жұмыстары 95%-ға тәмамдалды. Инженерлік-инфра­құрылым желілерін тартуға 12,6 млрд теңге жұмсалмақ. Кәсіпкерлік басқармасының берген мәліме­тіне сәйкес, құрылыс жұмыстары биыл төртінші тоқсанда аяқталу­ға тиіс. Индустриялық аймақты сумен жабдықтауға және кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен 4,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Одан бөлек, Сауда-логистикалық орталығын 136 гектарға кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Қазір инженерлік-инфрақұрылымдық желілерді тартуға техникалық эконо­микалық негіздеме әзірленіп, мем­лекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жалпы, инженерлік инфрақұрылымға 8,9 млрд теңге қажет. Оған логис­тикалық орталықты газ, су, кәріз, электр жүйесімен, автомобиль, темір­жолмен қамтамасыз ету жоспа­ры кіреді. Құрылыс жұмыс­тары биыл біте қоймайды.

«ОҢТҮСТІК» арнайы эконо­ми­калық аймағын 175 гектарға және «ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағын 155 гектарға кеңейту үшін мемлекет мұқтаждығына 330 гектар жерді қайтарудың жұмыс­тары басталды дейді кәсіп­керлік басқармасының маман­дары. Қазір 288 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне өтіп, қалғаны бойынша бағалау әлі біткен жоқ және сотта қаралып жатыр. Жер учаскелері толығымен қайтарылғаннан кейін қажетті инженерлік инфрақұрылым жоба­сы әзірленбек. Сонымен қатар Энергетика және инфра­құры­лымды дамыту басқармасы тара­пынан қуаттылығы 100 МВт құрай­тын «Жұлдыз» қосалқы станса­сы­ның жобасы әзірлену үстінде. Жоба құны шамамен 15-18 млрд теңгені құрайды. Қосалқы станса 2026-2027 жыл­дары іске қосылады. Соның нәти­жесінде стансаға жақын маң­дағы индустриялық аймақ­тар толы­­ғымен электр қуатымен жаб­дықталады.

Cондай-ақ жергілікті атқару­шы билік металлургия саласында­ғы жобаларды іске асыруға аумағы 1 076 гектар болатын қаланың оңтүстік-батыс бағытында жаңа индустриялық аймағын құруға кірісті. Қазір индустриялық аймақ тұжырымдамасы әзірленіп, қала әкімдігінің қаулысы қабылданды. Ендігі кезекте энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқар­масына аталған аумақта кәсіп­орындарға керекті инженерлік-инфра­­құрылымға қосылу нүкте­лерін анықтап, жобалау жұмыс­та­рын жүргізу қажет. Сонымен қатар жер учаскелерін мемлекет мұқ­таж­дығына қайтару ісі де бас­талу керек.