Қоғам • Кеше

Парықсыз пранк

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ағылшын тіліндегі «prank» cөзі XVII ғасырдан адамзат ауызында екен. Мағыналық мән тұрғысынан қазақшаласақ «ойын, қулық, әзіл» сөздеріне саяды. Тікелей аудармасы – «еркелік, деп жазады Egemen.kz.

Парықсыз пранк

Иллюстрация: Rawpixel

Ессіз «еркелік»

Филологтар сөз тарихын немістің «prunken» «жарқырау», «көзге түсетін бірнәрсе жасау»  дегеніменде байланыстырады. Қазіргі пранк парқын «көзге түсетін бірнәрсе жасау» тіркесі түсіндіре түсетіндей...

Орта ғасырларда сарайларда шуттар (әзілкештер) корольдер мен сыйлы қонақтарды күлдіру үшін әртүрлі қулықтар жасап отырған. 1990 жылдардан бастап видеокамералар мен интернеттің икемі артқан тұста пранктар «жаңа деңгейге көтерілді». Шетелде «Punk'd», «Just for Laughs Gags» сынды шоулар осы үрдісті насихаттады. Ютуб платформасында мыңдаған пранкерлер пайда болды. Бүгінде пранк бұл шеңберден шығып, көңілді жығатын сипатқа ауысып барады. Ал Қазақстанда пранк жасау Tik Tok арқылы тарай түсті. Әзілкеш, блогерлер қоғамдық орындарда бейтаныстарға, үйде жақындарына пранк жасап, желіге жүктеді. Рас.  Кей пранктар күлімсіретсе, кейбірі сын астынды қалып жатыр. Қазір қолында телефоны бар әр ерікті өзгені «еркеліктің» құрбанына айналдырып отырғаны анық байқалады.

Қоғамның ашуын тудырып, кең тараған пранктың бірі - әлеуметтік желіде жас жігіт пен қыздың қоқыс тастап, тазалықшы әйелді дөрекі түрде балағаттап жатқан бейне. Олар өз әрекеттерін мазақпен маздатып, видео соңында мұның «пранк» екенін айтып, кешірім сұрайды. Жәбірленушіге ақша береді. Видео желіге жүктелісімен жазылушылар жағымсыз пікірді жаңбырша жаудырған. Бұл әрекет құқық қорғаушылардың да назарын аударған.

Пранктың соңы – жаза

«Ессіз еркелік» жасаған ерлі-зайыптылар жазасыз қалмады. Полиция олардың жеке басын анықтап, істі сотқа жолдаған. Осылайша, олар ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік айып арқалап, ер адам 10 тәулікке темір торға тоғытылды.

Ескермей кетуге болмайтын келесі пранктың түрі – құқық қорғау органдарының формасын киіп, оларға тән құрал-жабдықтарды пайдаланып жасалатыны. Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл туралы: «Арнаулы құралдарды пайдалану арқылы жасалған қойылымдық әрекеттер («пранктер») — мән-жайына қарай бұзақылық, билік өкілінің не мемлекеттік жауапты лауазымды тұлғаның өкілеттігін өз бетімен иелену, сондай-ақ әкімшілік не қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар өзге де әрекеттер ретінде саралануы мүмкін», деп ескерткен болатын.

Ескертулерден есті адам ес жию керек болатын. Десе де жақында қытайлықтардың қалтасына қол сұғып, қолын ұстаған блогер Аружан Айбекова көрші ел азаматтарының арыз-шағымының астында қалды. Қазір елге оралған блогерге отандық полицейлер түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Енді ол контент жасарда көңіл төрінен, пайым көкжиегінен өткізіп салам деп опық жеп отыр.

Ал Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері пранк жасағаны үшін 24 адам жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді. Олардың арасында 30 күнге дейін қамауға алынғандар да бар.  Құзырлы орган қаралым үшін адамды қорлаған, жария еткісі келмеген ақпаратын айдай әлемге паш еткен пранктың соңы жаза екенін ескертеді.