Қоғам • Кеше

Қоса ағаратын қосақ іздеймін!

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Туған жылым – тауық, туған айым – көкек. Мінезім жұмсақ, жылы-сыпайымын. Ешкімге жібермеймін ұпайымды. Көйлегім көк, қолдан жасап алған меңдерім жоқ. Төсек орнымыз орнында. Дүние-мүліктен шошымасын. Өмірімде бір-ақ рет ғашық болғам. Оның өзі әлгі белгілі жазушының белгілі романындағы өзін-өзі таба алмай жүрген белгілі бір кейіпкер еді. Ал болашақ жарымның көзінің былшығы, қасының қылшығы болмаса болды. Мекен-жайым: Бойдақтар қаласы, Мың көди-сөди көшесі, орыс моншасының оң жағы, түрік моншасының төр жағы. Күтем».

Қоса ағаратын қосақ іздеймін!

Қадірлі оқырман, танысу алаңына тап болдым деп тапырақтап қалған боларсыз. Саспаңыз. Бұл – әйгілі сатирик Құдайберген Сұлтанбаевтың кезінде күлкіге қарық қылған, бүгінде де өзектілігін жоймаған «кемпір іздеймін» атты интермедиясынан үзінді. Ол заманда жарын жарнама бюросынан іздейтін жағдайлар кездессе, бүгінгі күннің бойдақтары теңін Tinder-ден табатынына сенеді.

чат

Иә, технология дамыған сайын сезім де сиқырланып және цифрланып барады. Танысу алаңдары жарыңның жаманды-жақсылы мінезі, әдебі мен әдеті жазылған деректерді алдыңа дастархандай жайып жібереді. Тәспі тартқандай, саусағыңды сырғыта бер. Талғамың сай адамдарды топ-тобымен тамашалап отыра бересің. Бір қарағанда оп-оңай: тіркелдің, тест тапсырдың,  міне, мінсіз жарың алдыңда тұр. Бірақ шын мәнінде бұл алгоритмдер адам жүрегінің күрделі сұранысына жауап бере ала ма?

 

Алгоритм алдай ма?

Бүгінде танысу алаңдары тек сурет пен қысқаша сипаттама арқылы таңдау жасайтын дәуірден әлдеқашан озды. Әсіресе, Tinder, Badoo, AlemLove.kz сынды платформалар қолданушыларға «ғылыми дәлелденген сәйкестік моделін» ұсынады. Айталық, Tinder отызға жуық түрлі психологиялық және әлеуметтік параметр бойынша тұлғаны саралап, оған ең үйлесімді адамдарды «ұсынып» береді. Теория жүзінде, бұдан асқан формула жоқ. Іс жүзінде ше?

танысу

Мәселен, сіз «Музарт» тобын ұнатасыз, ол да «Сағындым Алматымды» деп сарнап қояды. Бірақ өмір тек Сәкен Майғазиев пен Мейрамбек Беспаевтан тұрмайды. Тұлғалық құрылым, күйзеліске төзімділік, эмоциялық интеллект – мұның бәрі жалаң сауалдамамен анықтала салатын жадағай дүние емес екені анықталып келе жатыр.

 

Махаббат – математика емес

Осы тақылеттес платформаларда кеңінен қолданылатын MBTI атты тұлғалық типологиялар бар. Яғни сіздің интроверт не экстраверт екеніңіз, логикаға не эмоцияға көбірек сүйенетініңіз анықталып, сәйкес типтегі адамдармен жұптастырылады. Бірақ психологтар бұл типологиялардың дәлдігіне күмәнмен қарайды. Өйткені олар көбіне қарапайым типтеуге негізделген және адамның мінез-құлқын нақты болжауға толық жеткіліксіз.

Мұның үстіне тағы бір маңызды мәселе бар: адамдар сауалдарға шынайы емес, өздері қалаған бейнеге сай жауап беруге бейім. Яғни қолданушылар көп жағдайда шынайы «менін» емес, «жақсырақ» көрінетін нұсқасын көрсетеді. Бұл – саналы не бейсаналы түрде жасалатын «редакция». Мысалы, біреу өзін ашық, көпшіл етіп сипаттауы мүмкін, шын мәнінде ол тұйық болуы мүмкін. Себебі танысу алаңында адамдар тартымды, мейірімді, табысты әрі көңілді көрінгісі келеді, дейді интернет психологиясын зерттеуші, доцент Патрисия Уоллейс.

өзім туралы

Осылайша, жасанды интеллект пен типологияға сүйенген сәйкестік жүйелері нақты өмірдегі үйлесімділікті дәл көрсете алмайды. Себебі адамның сезімі тек санмен өлшенбейді, ал шынайы махаббат – тек алгоритм емес, сенім мен шындыққа негізделген терең байланыс.

 

Таңдасаң тазға жолығасың

Онлайн танысу ойыңдағы адамды табуға мүмкіндік береді. Алайда теңгенің екінші жағы бар. Бұл – күллі әлеуметтік психологияға тән шексіз таңдау иллюзиясы. «Жап-жақсы адам екен, бірақ бұдан да жақсырағы табылып қалар» деген ойлар жастар арасында жиі кездеседі.

Ғалымдар бұл феноменді «шексіз таңдау парадоксы» деп атайды. Адам неғұрлым көбірек таңдауға ие болса, соғұрлым шешім қабылдауы қиындай түседі, ал қабылданған шешімнен кейінгі қанағат деңгейі де төмендей беретін көрінеді.

таңдау

Бұрынғы заманда бір ауылда бір-бірін көріп жүрген жастар сөз байласатын. Қазір бір қолданбаның ішінде 100-ге жуық ықтимал серіктес бірден жымиып қарап тұрады. Бұл «сезімді» емес, «салыстыруды» күшейтеді.

 

«Мен тұрмын елеңдеумен...»

Онлайн платформалар өзара байланыс орнатуға көмектескенімен, олар адами қарым-қатынастың тереңдігін алмастыра алмайды. Мысалы, шетелде темірдей бекіген терминге айналып үлгерген  «ghosting» (яғни, адам хабарламаларға жауап бермей, жоқ болып кетуі) қазіргі танысу мәдениетінің жағымсыз көріністерінің бірі. Бұл – шынайы диалог пен жауапкершіліктің жетіспеуі. Психологтар мұндай тәжірибелердің адамның өзін-өзі бағалауына теріс әсер ететінін, тіпті эмоционалдық күйзеліс тудыруы мүмкін екенін ескертіп жүр.

чат

Одан бөлек, онлайн таныстықтың арғы жағында қылмыстық пиғыл жатуы да мүмкін. Жақында ішкі істер министрлігі интернет алаяқтарының айла-тәсілдеріне алданбауға шақырып, әсіресе романтикалық қатынастар желеуімен жасалатын қылмыстардың көбейіп бара жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, әлеуметтік желілерде шетелдік азамат ретінде танысатын алаяқтар махаббат пен сенімге мұқтаж жандарды жылы сөзбен арбап, кейін түрлі сылтаумен көмек сұрап, қаржы аударуға көндіреді. Мәселен, Астана қаласының тұрғыны интернет арқылы танысқан адамына сеніп, 9 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылған.

онлайн

 

Офлайнға оралсақ...

Сайып келгенде, интернет таныстықтың икемділігін жоққа шығаруға болмайды. Суретіне «лүпіл» басып, «уатсаппен» уағдаласып бақытты болып кеткен жандар аз емес. Қайткен күнде де «құданы құдай, досты пайғамбар қосады» деген сөз бар. Әйтсе де бір басын екеу қылғысы келетін жастардың жүзбе-жүз дидарласып, танысқаны ләзім.