
Жаңа жоба — ұлттық нақыштағы романтикалық комедия. Ол «Сон-джэні ұстап, қаш», «Дәмдеуіштер мен құмарлық» және «Асүй» сияқты танымал туындылардың эстетикасы мен атмосферасын еске салады. Сюжетте романтика, әзіл және дәм татып көргің келетін тағамдар көрініс тапқан.
Сериал туғанынан аспаздыққа бейімі бар ауылдық жігіт жайында. Ол бір күні өзінің туған әкесі елдегі ең үздік аспаз екенін біледі. Жігіт әкесінің мейрамханасына қарама-қарсы орын тепкен көше тағамдарын әзірлейтін дүңгіршекке жұмысқа орналасады. Мақсаты — өзін тастап кеткен әкесінің қателік жасағанын дәлелдеу және елдегі ең үздік аспаз атағын тартып алу.
«Маған Қазақстан үшін тосын оқиға — аспаздық тақырып ұнады. Біздің елде түрлі тағам бар, ал бұл сериалда соның бәрін көрсетуге мүмкіндік бар», — дейді режиссер Алдияр Байракимов.
Айта кетейік, арнайы осы сериал үшін авторлар ұлттық стильдегі көше тағамдарын ойлап тапты, яғни дәстүрлі ас пен фастфудты біріктірген. Жобаның сценарисі Рабиға Әбілпатта Қазақстанда мұндай жобаның бұрын-соңды болмағанын атап өтті.
«Біз қазақ тағамы туралы сериал жасағымыз келді. Сол үшін де жаңа тағам түрлерін ойлап таптық. Мысалы, біздің дәстүрлі бауырсаққа негізделген «шаурсак» деген жаңа тағам пайда болды. Бұл идеяны біз бір жыл бұрын қолға алдық. Бізге асхана, аспаздық тақырыбы ұнады, содан осындай хикая жасауға бел будық», — деді Рабиға.
Басты рөлдерді Дидар Төлеген, Шұғыла Ешенова, Ғани Құлжанов, Мадина Жұмабаева, Рустам Саидходжаев, Айжан Пернебекова, Ернұр Жексенбаев және басқа да актерлер сомдайды.
Аспаздардың рөлін ойнаған актерлер арнайы аспаздық курстан өткен. Дидар Төлегеннің айтуынша, жобаға дейін ол тамақ дайындауды мүлде білмеген, ал оқудан кейін ас үйде тәжірибе жасап үйрене бастаған.
«Алғаш үйренген тағамым — стейк. Бірақ мен үшін ең қызығы — соустар болды: шие соусы, балыққа арналған түрлі соустар. Соларды дайындау маған ерекше ұнады. Сериалды көрген көрермен отбасыға деген махаббатты, тағамға деген сүйіспеншілікті түсінеді. Сондай-ақ мақсатың болса, оған жету үшін соңына дейін күресу керектігін сезінеді. Біз көрерменге дәл осы ойды жеткізгіміз келеді», — дейді актер.
Кинопоиск қазақ көрерменіне менталитеті жақын оқиғаларды қолдап, жергілікті контентті дамытуды жалғастырып келеді. «Streetхана» сериалының премьерасы Кинопоиск платформасында эксклюзивті түрде өтеді. Айта кетейік, бұл — Кинопоисктың Қазақстандағы екінші жобасы. Бұған дейін алғашқы сериалы — криминалдық комедия жанрындағы «Под контролем» түсірілімі аяқталған болатын.