Саясат • Кеше

Жүк авиатасымалының міндеті мен мүмкіндігі

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Қазақстанның авиа­циялық әлеуетін күшейту мәселелеріне арналған арнайы жиын өткізді.

Жүк авиатасымалының міндеті мен мүмкіндігі

Басқосуда азаматтық авиацияны дамыту, жолаушылар мен жүк тасы­малының өсу қарқыны, жаңа бағыт­тардың ашылуы, әуежай инфра­құрылымын жаңарту, сонымен қатар ұлттық жүк авиатасымалдаушыны құру бастамасы жан-жақты талқыланды.

Премьер-министрдің айтуынша, елдің геогра­фиялық орналасуы – тран­зиттік және жүк тасымалдау саласында үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады. Осы әлеуетті тиімді пайдалану үшін елде авиация саласын кешенді дамыту көзделіп отыр.

– «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станды аймақтағы жетекші авиа­циялық хаб ретінде күшейту міндетін қойды. Қазір әуежай инфра­құ­рылымын және ішкі тасымалдарды дамыту бойын­ша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Со­ның ішінде жүк авиатасымалдаушыны құру – негізгі жобалардың бірі. Оны жүзеге асыру транзиттік жүк ағындарын Қазақстанға қарай бұруға мүмкіндік бе­ре­ді және жүк авиата­сы­малы нарығындағы біз­дің ұстанымымызды кү­шейтеді», деді Премьер-министр.

Көлік министрлігінің дерегі бойынша, 2025 жылдың алғашқы жарты­жылдығында отандық авиа­компаниялар 7,2 млн жолаушы тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға көп. Сонымен қатар елдегі әуе­жайлар арқылы қызмет көр­сетілген жолаушылар саны 14,4 млн адамға жеткен.

Қазір ішкі авиатасымалдар аптасына 849 рейс жиі­лігімен 61 бағыт бойын­ша орындалуда. Бұл ішкі туризм мен өңірлік байланыстың артып келе жатқанын айғақтайды.

Көлік министрі Нұрлан Сауран­баевтың айтуынша, кейінгі жылдары елімізде 20 ұшу-қону жолағы мен 19 әуежай терминалы реконструк­цияланған. Түркістан қаласында жаңа әуежай салынды. Биыл әуе кемелері паркін 16 бірлікке толықтыру жоспарланып отыр, соның алтауы қазірдің өзінде сатып алынған.

Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін еліміздің әуе флоты 221 ұшаққа дейін жеткізіледі. 2025 жылы 36 жаңа бағытты ашу әрі қайта жаңғырту көзделген.

Инвестициялық жобалар шең­берінде авиация саласына шамамен 2,9 млрд доллар тартылмақ. Бұл қа­ра­жат Катонқарағай, Зай­сан, Кендірлі мен Ар­қалық сияқты туристік ай­мақ­тарда жаңа әуежай салуға, 10 ұшу-қону жола­ғын және 10 терминалды қайта жаңартуға, арнайы техника паркін жаңартуға бағытталады.

Жиынның негізгі та­қырыптарының бірі – елімізде ұлттық жүк авиа­та­сымалдаушыны құру. Бұл бастама әлемдік на­рықтағы жүк тасымалы кө­лемінің үнемі артып келе жатқанымен байланысты.

Бүгінде әлем бойынша әуе жүк тасымалының кө­лемі 57,7 млн тоннаны құ­райды. Осы көлемнің 15%-ы Қазақстанның әуе кеңіс­тігі арқылы өтетінін ескер­сек, бұл нарыққа бел­сене қа­тысу еліміздің тран­зиттік әлеуе­тін арттырары сөзсіз.

«Самұрық-Қазына» Ұлт­тық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асады:

«Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бастапқы кезеңде үш әуе кемесін жалға алып, кейіннен флотты он бірлікке дейін кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық жүк авиатасымалдаушының ал­ғашқы рейсі 2026 жылдың басында жүзеге асады. Жоба өзін-өзі ақтауы үшін отын­мен қамтамасыз етудің кепіл­дендірілген көлемі қа­рас­тырылып жатыр», деді ол.

Премьер-министр бұл жобаны іске асыруда дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.