
Суретті түсірген – Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
Осыны ескере отырып, аудан көлемінде 15 жаңа медициналық мекеме салу, 3 нысанға күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі туындаған. Қазіргі уақытта ауданның Абай, Үштерек, Қаратөбе ауылдарында 3 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Қайнар, Бекболат, Шалқар, Ұлан ауылдарында 50 адам қабылдауға қауқарлы дәрігерлік амбулаториялардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленген. Бұл туралы Қарасай ауданының Ақсеңгір, Көктоған ауылдарынан отбасылық денсаулық сақтау орталығының ашылу салтанатында аудан әкімі Жасұлан Естенов хабардар етті. Рәсімге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов, Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев, «Nova invest» ЖШС бас директоры Қарлығаш Ибраева қатысты.
Әр орталықтың жалпы ауданы 100 шаршы метрден асады. Онда тіркеу бөлімі, жалпы тәжірибе дәрігерлері мен бейінді мамандар қабылдайтын жеті бөлме бар. Орталықтар шамамен 3 000 тұрғынға қызмет көрсетеді.
«Нысан ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді алғашқы медициналық санитарлық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында салынды. Құрылыс жобасын қаржыландыру – мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері есебінен, «NOVA INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Инвестиция көлемі 49 млн теңгені құрады. Елтай ауылдық округінде жалпы саны 24 555 тұрғын бар. Ақсеңгір ауылына қызмет көрсететін учаскеге 1 340 адам тіркелген. Бұрын ауыл тұрғындарына медициналық көмек 1958 жылы салынған, қазіргі заманғы талапқа сай келмейтін, ескі ғимаратта көрсетілген. Жаңа нысан заманауи инженерлік желілермен, медициналық құралдармен, қажетті кабинеттермен толық жабдықталған. Медициналық мекеме күніне 30 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету, кеңес беру, диагностикалық қызметтер мен зертханалық талдаулар жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Орталықта 1 жалпы тәжірибелі дәрігер, 4 орта буын медицина қызметкері, 1 білікті акушер қызмет етеді. Сонымен қатар бүгін дәл осындай медициналық мекеме Көктоған аулында да ашылды. Бұл – ауданның медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі», деді аудан әкімі.
Көктоған аулына қызмет көрсететін учаскеге 1 516 адам тіркелген. Бұрын бұл ауылда медициналық мекеме мүлдем болмаған. Медициналық көмек учаскелік қызметпен үй жағдайында ғана көрсетіліп келген.
Биыл күзде Кемертоған, Көкөзек ауылдарында тағы екі жаңа нысан пайдалануға беріледі.
Алматы облысы