Алматы • Кеше

Ескі үйден – жаңа пәтерге

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласы агломерация есебінен жыл санап құлашын кеңге жайып барады. Сол тұрғыда мегаполисте ірі жобаларды жүзеге асыруда ескі үйлерден құтылу мен сүріп тастаудың көкейкестілігі күн сайын артып келеді. Бұл жұмыстар қала әкімдігінің арнаулы жоспарына сәйкес жүйелі жүргізіліп жатыр.

Ескі үйден – жаңа пәтерге

Айталық, 2025 жылдың І жар­тыжылдығында Алматы­дағы 220 ескі тұрғын үй иелері жаңа да жайлы пәтерге көшті. Қоныс аудару жұмыстарын Алма­ты қаласы әкімдігінің «Ал­ма­ты» ӘКК еншілес ұйымы, «Қа­ла­лық күрделі құрылыс кәсіп­орны» ЖШС мен инвесторлар «Алматы қаласының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы – 2030» аясында жүзеге асырып жатыр.

Алматылықтар жаңа баспананы «бөлме орнына бөлме» қағидатымен немесе бұрын­ғы тұрғын үйінің нарықтық құнына сәйкес өтемақы алу арқылы иеленіп отыр. Жаңарту бағдарламасы аясында барлық пәтер толық әрленіп, дайын күйінде берілді. Үйлерге интернет желісі тартылып, өртке қарсы дабыл жүйесі, сантехника, фаянс, газ немесе электр плитасы орнатылған.

Сөйтіп, қаланың ең тұрғыны көп Түрксіб ауданында – 99, Алмалы ауданында – 57, Жетісу ауданында – 32, Әуезов ауданында – 20, Бостандық ауданында – 7, Алатау ауданында – 3, Медеу ауданында 2 адам жаңа пәтерге қоныстанды.

Бағдарламаға сәйкес барлық меншік ие­лерінің келісімімен ғана көші­ріліп, ғимараттары сүріледі. Ерекше күтімді қа­жет ететін адамдарға бірін­ші қабаттан немесе жеделса­ты, пандусы, кедергісіз қолже­тім­ділігі бар үйлерден пәтер қарастырылған. Қала тұрғын­дарының қауіпсіздігін қамта­масыз ету мақсатында қа­мыс үйлер мен тектоникалық жа­рық аймағында орналасқан ғимараттарды сүруге ерекше көңіл бөлінеді.

Берілген баспанаға көшуден бас тартқан жағдайда тұрғындар ескі үйде тұра береді, бірақ ықтималды қауіп-қатерлерге өздері жауапты болады. Биыл жыл соңына дейін «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» мен инвесторлардың күшімен тағы 600-ден астам адамды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Жаңарту бағдарламасы кешенді тәсілге негізделген. Тұрғын үй ғана емес, сонымен бірге қала тұрғындарының өмір салты өзгереді. Жайлы орта қалыптасып, жаңа қоғамдық кеңістіктер, жұмыс орындары мен қызметтер пайда болады. Сонымен қатар Алматының сәулеттік келбеті жаңарады. 2030 жылға дейін қаладағы ескі үйлердің санын 1 366-дан 690-ға дейін азайтып, шамамен 7 500 меншік иесін заманауи пәтерге көшіру жоспарланып отыр»,  деді «Қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС басқарма төрағасы Ринат Құрманов.

«Алматының тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы – 2030» қала­лық әкімдік тарапынан әзір­леніп, 2024 жылдың қараша айын­да мәслихатта бекітілген. Бағ­дарламаға «Алматы» ӘКК» АҚ әкімшілік етсе, уәкілетті ұйым ретінде қала әкімдігінің «Қа­лалық күрделі құрылыс кә­сіп­­орны» ЖШС жұмыс істеп отыр.

 

АЛМАТЫ