Қоғам • Кеше

Елімізде жұмыс уақытын бір сағатқа қысқарту ұсынылды

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілісте кішкентай баласы бар ата-аналарға жұмыс күнін бір сағатқа қысқартуды енгізу туралы ұсыныс айтылды. Бастаманы Мәжілістің пленарлық отырысында Еңбек кодексіне өзгерістер талқыланған кезде депутат Қарақат Әбден көтерді, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде жұмыс уақытын бір сағатқа қысқарту ұсынылды

Фото:depositphotos.com

Депутаттың айтуынша, бұл мәселені ол бұған дейін Үкімет деңгейінде де көтерген, алайда әзірге нақты шешім қабылданбаған.

«Ана немесе әке баласының жанында өткізе алатын қосымша бір сағат – оның болашағына салынған инвестиция, отбасының берік болуы, қоғамның тұрақтылығы, баланы балабақшадан уақытында алып кету мүмкіндігі. Баланың тәрбиесі мен денсаулығына көбірек көңіл бөлуге жол ашады», деді Қ.Әбден.

Ол құзырлы органдарды және әріптес депутаттарды заңды екінші оқылымда қарау кезінде осы ұсынысты ескеруге шақырды.

Әлемдік тәжірибе

Қарақат Әбденнің айтуынша, көптеген дамыған елдерде кішкентай баласы бар ата-аналар үшін қысқартылған жұмыс күні немесе жұмыс аптасы бұрыннан қолданылады және бұл тәжірибе тиімді әрі ғылыми тұрғыда дәлелденген.

«Бұл артықшылық немесе жеңілдік ретінде емес, отбасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік стратегияның бір бөлігі ретінде қарастырылады. Қосымша бюджет шығындарын талап етпейді. Бұл – қарапайым өзара алмастыру қағидаты, оны еңбек заңнамасында оңай реттеуге болады», деді депутат.

Еске салайық, бір жыл бұрын Қарақат Әбден скандинавиялық елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, әйелдер үшін жұмыс күнін қысқартуды және ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін ұзартуды ұсынғаны мәлім.