Әлем • Бүгін, 15:52

NASA қызметкерлерінің саны 20%-ға қысқарады

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) штаттық құрамы 20 пайызға қысқарады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз хатшысы Шерил Уорнер мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.

NASA қызметкерлерінің саны 20%-ға қысқарады

NASA таратқан ресми хабарламада 3 870 қызметкер жұмыстан өз еркімен кетуге келісім бергені көрсетілген. Осылайша, агенттікте шамамен 14 мың адам қалады. Бұл сан алдағы апталарда қайта қаралуы мүмкін.

Қысқарту Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған «кейінге шегерілген жұмыстан босату» (Deferred Resignation Program – DRP) бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бірінші кезеңде 870 адам, ал екінші кезеңде тағы 3 000-ға жуық қызметкер жұмыстан кету туралы өтініш берген.

Одан бөлек, 500 қызметкер ерікті түрде зейнетке шығу және басқа да жеңілдік бағдарламалары арқылы жұмыстан босатылған.

NASA басшылығы бұл қадам агенттіктің тиімділігін арттырып, Ай мен Марсқа ұшуды қамтитын «Алтын ғасыр» бағдарламаларын жалғастыруға мүмкіндік береді деп отыр.

Алайда агенттік ішінен қарсылық туындауда. Өткен аптада бұрынғы және қазіргі 362 қызметкер, оның ішінде ғалымдар, «Вояджер декларациясы» атты ашық хат жариялап, бюджет қысқартуларына, гранттардың тоқтатылуына және ұйым ішіндегі «үнсіздік мәдениетіне» алаңдаушылық білдірді.

Айта кетейік, Трамптың 2026 жылғы федералды бюджет жобасында NASA-ның ғылыми бағытына бөлінетін қаржы екі есеге қысқарып, жалпы қаржыландыру көлемі 24%-ға азайтылған.