
Осы бағытта біздің мектепте жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан «Педагогикалық шеберхана» жобасы – білім сапасын арттырып, мектепті табысты басқарудың тиімді моделі ретінде көрініс тауып жатыр. ХХІ ғасырдың мектебі – бұл үнемі жаңарып, дамып отыратын кәсіби орта. Менің міндетім – осы ортаны басқару емес, құру, ұйымдастыру және ұстаздарды дамытатын экожүйеге айналдыру. «Педагогикалық шеберхана» жобасы – дәл осындай экожүйе қалыптастыратын құрал. Менің басқару тәжірибемде байқағаным, мұғалімге сенім артылғанда, ол кәсіби тұрғыда көтеріледі. Ал ұжымдық сенім – мектептің ең басты капиталы.
«Педагогикалық шеберхана» жобасының авторы ретінде айтар болсам, жоба мақсаты – мұғалімдердің кәсіби дамуын қолдау, зерттеу мен тәжірибе алмасуға бағытталған орта қалыптастыру. Ал мазмұны – мұғалімдерді коуч, фасилитатор, модератор, зерттеуші рөліне енгізу; Авторлық идеялар мен жобаларға кеңістік ашу; Lesson Study, Action Research, Critical Friends форматтарын енгізу; Ұжымдық кәсіби қауымдастық құру.
Қазір мектебімізде «Педагогикалық шеберхана» жобасының мүшелігіне 23 жас маман қабылданған. Жас мұғалімдерді қолдауға бағытталған тәлімгерлік жүйе арнайы бұйрық негізінде бекітіліп, шебер және зерттеуші санатындағы педагогтер тәлімгер ретінде жұмыс атқарып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде – диагностика, яғни жас маманның бастапқы мүмкіндіктерін, қажеттіліктерін анықтап алдық. Бұл үшін өзін-өзі бағалау, тәлімгерлік бақылау және жеке даму жоспары жасалды. Екінші кезеңде – мақсат қою, онда кәсіби дамуға бағытталған нақты және қолжетімді мақсаттар белгіленді.
Жоспарға сәйкес, тәлімгерлер шеберлік сыныптарын өткізді. Жоба жетекшісі Қамажай Жаңабекқызы «Заманауи сабақ: мазмұн, жоспарлау, сапа» тақырыбында коучинг өткізіп, заманауи педагогика, жай сөз түрінде ғана емес, практикалық оқу жұмысын жоспарлау мен ұйымдастыруда негізгі әрекеттегі элемент оқушы екенін талап ететінін ұғындырды. Заманауи мектептегі сабақтың мақсаты нақтылықпен, оған жету құралдарын көрсетумен және оны нақты дағдыларға ауыстырумен ерекшеленетініне баса назар аудартты.
Сонымен қатар жас мамандар тәжірибелі мұғаліммен бірге сабақ жоспарлап, бірлескен сабақтарға қатысты. Атап айтсақ, жас маман Мөлдір Қанатқызы мен тәлімгері Алтын Ералиқызы бірлесе өткен «Нағыз әже қайда?» әңгімесі тақырыбындағы ашық сабағы өте сәтті өтті. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясы ашылды, мағынаны тану барысында мұғалімнің түсіндірмесі оқушыға жетті, тапсырмаларға дескрипторлар нақты қойылған, топтар арасындағы ынтымақтастық жақсы қалыптасқан. Жалпы «түсіну» деңгейінен бастап, «баға беру» деңгейіне дейін орындалған тапсырмалар оқушы әлеуетін қанағаттандырды.
Бұл бірлескен тәсіл арқылы оқушыларға терең талдау жасап бір-бірімен әдіс алмасуға, кәсіби дамуға мүмкіндік алды. Сыни пікірлерге ашықтық орнады, жаңа көзқарастар, рефлексия дағдылары қалыптасты. Мұнда екі тарап өз нәтижелерін саралап, келесі даму бағытын айқындап отырды.
Жас мамандарымыз тың идеяларын ұсынып, авторлық жобаларын табысты қорғап келеді. Бұл жолдағы маңызды тіректерінің бірі – тәлімгерлердің кәсіби қолдауы мен бағыт-бағдары деп сеніммен айтуға болады.
«Мектептегі жас мамандардың педагогикалық шеберхана жобасына қатысу менің кәсіби дамуыма үлкен әсер етті. Бұл жоба барысында тәжірибелі ұстаздармен және өзім сияқты жас мамандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, көптеген жаңа білім мен дағдыға ие болдым. Шеберхана аясында тәлімгер-ұстаздармен бірлесе отырып, сабақ жоспарын жетілдіру, заманауи оқыту әдістерін пайдалану, бағалау критерийлерін дұрыс құрастыру бойынша тәжірибе алмастым. Сондай-ақ жас мамандар арасында өткізілген дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары өзара қолдауға, пікір алмасуға және ынтымақтастыққа жол ашты. Жобаның басты тиімділігі – кәсіби өсу, сенімділік пен сабақ беру сапасының артуы болды. Әсіресе, оқу үдерісінде оқушы белсенділігін арттыру, сараланған тапсырмаларды қолдану және критериалды бағалау жүйесін тиімді жүргізуді үйрендім. Педагогикалық рефлексия жасау арқылы өзімді жетілдіруге бағыт алдым. «Педагогикалық шеберханалар» жобасы менің кәсіби көзқарасымды қалыптастырып, өзімді нағыз педагог ретінде сезінуге себеп болды, мүмкіндіктерге жол ашты. «Менің педагогикалық инновациям» атты жұмысым қалалық сайыста І орын алып, облыстық кезеңге жолдама алдым. Облыстық деңгейде де жоғары нәтиже көрсетіп, ІІ орынды иелендім. Бұл – менің кәсіби дамуыма берілген үлкен баға деп есептеймін. Ең маңызды сәттердің бірі – осы педагогикалық инновациямды мектепке ресми сапармен келген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың алдында авторлық жұмысымды көрсетуім болды. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік пен мәртебе», дейді жас маман Ақсейіт Абылай.
Осындай тәжірибесін бөліскен тағы бір жас ұстаз Ханзада Алтаеваның айтуынша, 2025 жылдың қаңтар айынан бастап «№33 жалпы білім беретін мектеп» КММ -де «Педагогикалық шеберхана» жобасы яғни, жас мамандарды қолдау мақсатында жұмыс жүргізілді.
«Жас мамандардың қатарында мен де бар едім. Осы мектепке жұмысқа орналасқан күннен бастап, педагогикалық көмек көрсету мақсатында маған тәжірибелі ұстаз Жанар Жетібайқызын тәлімгер етіп тағайындады. Тәлімгеріммен үздіксіз жұмыс жүргіздім. Тәлімгерім барлық жағынан қолдау көрсетіп, теория мен практиканы ұштастырып отырды. Наурыз айында Түркістан қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «Педагогикалық дуэт» байқауына тәлімгеріммен бірге қатысып, І орынды иеленіп обылысқа жолдама алдық. Обылыстық байқауда ІІ орынды иелендік. Жарыстарға қатыса отырып, өз білімімді жетілдіріп, педагогикалық шеберлігімді шыңдай білдім. Жас маман апталығында түрлі сайыстар, ашық сабақ ұйымдастырылды, шыңдау мақсатында педагогикалық өсу үшін тәжірибелі ұстаздар тренинг сабақтарын өткізді. Мінсіз мұғалім тақырыбындағы кітаптарды оқып, әріптестер арасында талқыладық», дейді ол.
Жас маман – мектепке тың леп, болашаққа бағытталған энергия мен жаңа білім әкелетін құнды ресурс екенін білеміз. Сондықтан «Педагогикалық шеберхана» жобасын республикалық деңгейде тарату мақсатында біз бенчмаркинг әдісі негізінде басқа мектептермен серіктестік орнатып жатырмыз. Қаламыздағы «№32 жалпы білім беретін мектеп» және «№34 жалпы білім беретін мектеп» КММ-мен бірігіп, жобаны бірлесіп жүзеге асыруды алдағы оқу жылына жоспарлап отырмыз.
Біздің бағыттарымыз – мектепаралық жас мамандар арасында түрлі байқау өткізіп, қалалық, облыстық шеберлік алаңдарына қатысу. Сондай-ақ бірлескен зерттеу жобалары мен тәжірибе алмасу сессияларын, жас мамандар арасындағы шеберханааралық диалогті жолға қоямыз. Біздің мектеп кәсіби қауымдастық ретінде дамитын, ұстаз тұлғасына бағытталған, зерттеу, шығармашылық, серіктестік және технологиялық инновацияға негізделген мектеп болады.
«Педагогикалық шеберхана» жобасы осы 4 бағыттың барлығын біріктіріп тұрған жаңа буынның мектепішілік өзгеріс тетігі ретінде жұмыс жүргізеді.
Қорытындылай келе, «Педагогикалық шеберхана» – педагогті дамыту арқылы мектептің сапасын арттыруға бағытталған басқару құралы. Мектеп басшысы ретінде осы жобаны стратегиялық тұрғыдан қолдай отырып, ұжымды біріктіруші, жаңашылдықты үйлестіруші, болашаққа жол сілтеуші бола отырып жоба жұмысының жүйелі жүргізілуіне жауапкершілікпен қараймын.
Біздің тәжірибемізде көрсетіп отырғандай, шеберхана жобасы – мұғалімді шыңдайды, мектепті өзгертеді, білім сапасын арттырады.
Алдағы уақытта жобаны облыстық деңгейде жүйелендіріп, республикалық серіктестік платформасына шығару, цифрлық шеберхана кеңістігін дамыту, жас педагогтердің кәсіби даму траекториясын визуал түрде жүйелеу (e-portfolio арқылы) сынды жоспарларымыз бар.
Жобаның өз деңгейінде жүргізілуі үшін үздіксіз кері байланыс жасап отырамын. Жұмыстың жүйелі болуын басты назарға аламын. Осылайша, өзгеріске ашық болып, жаңа технологияларды меңгеруді үздіксіз дамытып, жайлы орта қалыптастыра отырып, трансформацияланған мектепке айналамыз.
Перизат БЕКЕЕВА,
«Педагогикалық шеберхана» жобасының авторы, «№33 жалпы білім беретін мектеп» КММ директоры
ТҮРКІСТАН