
Сурет: ortcom.kz
Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Қорғаныс министрлігі Әскери білім беру және мерзімді әскери қызметке шақыру жүйесіне цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп жатқанын хабарлады.
«Smart военкомат» – әскери есепте тұрған шақырылушылардың жалпы санынан әскерге шақыру жасындағы азаматтарды іріктеу. Жасанды интеллект белгілі бір критерийлер мен бұрын әскерге шақырылғандардың мәліметтер базасы негізінде жедел әскери қызметке шақырылуға тиіс азаматтарды ғана хабардар етпек.
Енді әскери оқу орындарына түсу үшін құжаттарды онлайн – e-Gov порталы арқылы тапсыруға болады. Бүгінде пысықталғаны – 22 мемлекеттік қызмет. Одан бөлек, бұл сервис арқылы бұрын шығып кеткен оқуын қайта қалпына келтіру қызметі де қолжетімді (16 мемлекеттік қызмет). Алдын ала медициналық куәландыру жойылды, арнайы тексеру қашықтан жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформация шеңберіндегі негізгі жетістіктерінің бірі – барлық әскери оқу орындарына арналған «Askeri Ziyat» әскери-білім беру көпфункционалды платформасын құру. Бұл платформа әскери мамандарды даярлауды жүзеге асыратын әскери жоғары оқу орындары мен әскери колледждерді бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіреді, қарау режімінде сыртқы ұйымдар үшін де қолжетімді ведомствоаралық электрондық кітапханасы да бар. Мұнда 20 бағытта дайындық курстары өткізіледі. Бүгінде мыңнан аса әскери қызметші тіркелген. 300-ден астамы оқуды ойдағыдай аяқтап, белгіленген үлгідегі сертификаттарға ие болды.
Үшінші жылы іске асырылып жатқан «Sarbaz 2.0» жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Жоба аясында мерзімді қызметтің әскери қызметшілері мемлекеттік білім беру гранттары арқылы тегін оқи алады. Жыл басынан бері онлайн-тестілеу өткізілді, тестке қатысуға 10 мыңнан аса сарбаз ниет білдірді. Биыл мамыр айында 2 010 сарбаз еліміздің жоғары оқу орындарында оқу үшін мемлекеттік гранттар алды.
Мемлекет басшысының жасанды интеллектті кеңінен енгізу туралы тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігі Armia.kz сервисін әзірледі. Бұл кіріктірілген ЖИ қазірдің өзінде 2 мыңнан аса сұранысты өңдеп, әскери қызмет туралы ақпараттың әмбебап көзіне айналды. Мемлекеттік органдар арасында алғашқылардың бірі болып Қорғаныс министрлігінің мамандары Ұлттық жасанды интеллект платформасына негізделген Armia.kz сервисінің ЖИ-ассистентін құрды. Бот кең көлемді білім базасына ие және заңнамадағы өзгерістерге жедел бейімделе алады. Ол әскери қызметке қатысты сұрақтар бойынша «цифрлық кеңесші» ретінде жұмыс істейді.
Бұған қоса Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды, қорғаныс қабілетін жақсартуды және жауынгерлік дайындықты оңтайландыруды көздейтін, қорғалған сегментте жасанды интеллектті қолданатын бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр.