Бұдан бөлек, келіссөздер барысында IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыс – қазақ-түрік қатынасының алтын көпірі. Соның ішінде білім және ғылым саласының орны ерекше.
– Қазіргі таңда біздің 12 мыңнан астам студентіміз Түркияда, ал 300 түрік студенті Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Осыған қолдау көрсеткені үшін Түркия Президенті мен Үкіметіне ризашылығымды білдіремін. Ұзақ жылдан бері Түркістан төрінде Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жанынан Түркияның озық білім ошақтарының бірі – Гази университетінің филиалы ашылмақ.
Бұдан бөлек, «Маариф» қорының екі мектебін ашу жұмысын қолға алдық. Бұл – шын мәнінде, айтулы оқиға. Былтыр қол қойылған келісімге сәйкес, Астана медицина университетінің негізінде Медипол Ыстанбұл жоғары оқу орнының филиалын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Еліміздің медицина қызметкерлерін Түркияның жетекші клиникаларында оқыту және біліктілігін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Біз осы игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, туризм, медицина саласындағы байланысты одан әрі күшейтуге мүдделіміз. Осы тұста сан қырлы байланыстарды тереңдету мақсатында Түркия азаматтарына Қазақстан аумағында 90 күнге дейін визасыз болу рұқсатын беру туралы шешім қабылданды. Саяхаттаушылар мен кәсіпкерлер үшін бұл қадамның мән-маңызы ерекше деп санаймын. Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.