
Таир құр сөзбен шектелмей, ауадағы ылғалды ауызсуға айналдыратын құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғыға «AquaAeris» деген ат берілген. Қазірдің өзінде халықаралық байқауларда топ жарған.
– Бала кезімнен түрлі құрылғы құрастыруға әуес болдым. 8-сыныпта теңіздегі мұнай ағып кеткен жерлерді анықтайтын автономды кеме жасап, республикалық роботтар олимпиадасында жүлде алдым. Кейін қоқысты сұрыптау жүйесін ойлап таптым. Бірақ мені шын мазалаған, ойландырған мәселе – ауызсудың жетіспеушілігі еді. Мұғалімдер су – адам ағзасы үшін ең маңызды ресурс екенін айтып, оның қоры жылдан-жылға азайып бара жатқанын түсіндірді. Осыдан кейін мен ауаны балама су көзі ретінде қолдануға болатыны туралы ойлана бастадым. НЗМ-де оқып жүріп, физика пәніне қызығушылығым артты. Түрлі инженерлік жобалардан кейін «AquaAeris» құрылғысының идеясы келді, – дейді Таир.
Таир Уашев – физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Оның айтуынша, «AquaAeris» құрылғысының жұмыс істеу жүйесі өте қарапайым. Құрылғыдағы желдеткіштер ауа ағынын ішке тартып, оны арнайы камерада салқындатады. Ауа шық нүктесіне дейін салқындағанда, ішіндегі ылғал конденсацияланып, суға айналады. Бұл су сүзгіден өтіп, минералданады. Нәтижесінде, таза, ішуге жарамды су дайын болады. Құрылғы тәулігіне 20 литрге дейін ауызсу өндіре алады. Тағы бір ерекшелігі – экологиялық таза болуы. Ол күн батареясы мен жел турбинасынан қуат алып жұмыс істей алады. Бұл әсіресе, электр жарығы тұрақты емес, шалғай ауылдар үшін аса маңызды шешім болмақ.
Таир мен оның командасы 2024 жылдың қазан айында «Tidal Tumble» жобасына бірігіп, «AquaAeris»-тің алғашқы прототипін жасап шығарған. Сол құрылғымен «Almaty Tech Cup» жарысына қатысып, 130 команданың арасынан үздік үштікке кіріп, «Robot Design» аталымында бірінші орын алды. Осы жетістіктен кейін команда АҚШ-тың Вустер қаласында өткен халықаралық «Waffle fll» чемпионатына шақырту алады. Мұнда 108 елден келген 650 үздік топ арасында жалғыз Орталық Азия командасы ретінде қатысады. Жарыс нәтижесінде «Engineering Excellence» аталымында екінші орынды иеленіп, робот ойыны нәтижесі бойынша алтыншы орынға тұрақтаған.
– Қазылар біздің жобаның идеясы мен инженерлік орындалуын ерекше атап өтті. АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея секілді алпауыт елдермен қатарласа жарысу мен үшін үлкен мақтаныш. Еліміздің туын халықаралық сахнада көтеру бала кезден бергі арманым еді. Осындай жеңіс маған сенім сыйлайды. Қазір «AquaAeris»-ті жетілдіріп, алдағы жылы елімізде өндіріске шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл құрылғы әсіресе су тапшылығы қатты сезілетін өңірлерде адамдарға көмектеседі деп сенемін, – дейді Таир.
Жас өнертапқыштың басты мақсаты – тек байқауларда жүлде алу емес, шын мәнінде қоғамға пайдалы технология жасау. Болашақта «electrical engineering» немесе «computer science» бағыты бойынша жоғары оқу орнына түсіп, инженер болуды армандайды.