АҚШ-та 790 мыңнан астам франчайзингтік кәсіпорын 8,4 млн жұмыс орнын құрып, ІЖӨ-нің 3%-ын қамтамасыз етеді. Бұл – елдегі ШОБ-тың 10%-ға жуығы деген сөз. Ал Ресейде 70 мыңнан көп сауда нүктесін қалыптастырып отырған 3 000-нан астам франшиза бар. ШОБ-тағы франшиза үлесі 4-5% шамасында. Елімізде 400-ге жуық франшиза тіркеліпті. Алайда соның 100-120-сы ғана нақты жұмыс істеп тұр. ШОБ-тағы үлесі 2%-ға жетпейді, сол себепті өсу әлеуеті туралы айтуға әлі ерте.
Бұл бағыт бізде неліктен дамымай жатыр? Меніңше, әдепкі себебі – заңнамалық тетіктің жоқтығы. Қазіргі реттеу Азаматтық кодекстегі кешенді лицензия туралы баппен шектеледі. Франчайзинг жеке бизнес түрі ретінде рәсімделмеген. Екіншіден, ресми статистика жоқ. Франчайзингтің жеке ЭҚТЖК (Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы классификаторы) коды болмағандықтан, ол есептілікте «көрінбейді». Бұл оны қолдауға бағытталған кез келген талпынысты тежейді. Үшіншіден, жалған франшиза нарығы белең алды. Соңғы жылдары франшизаны «адал емес» күйде ұсыну жиілеп кетті. Төртінші себеп – кәсіпкерлік сауаттың төмендігі. Көбі франшизаны толық жабдықталған бизнес деп түсінеді де, оның стандарты, тәртібі және жеке өзінің араласу қажеттілігі туралы ойлай бермейді.
Дегенмен нарықта сәтті жұмыс істеп жатқан франшизалар да жоқ емес. Олар – «Lanzhou» мейрамханалар желісі, «EcoShop» дұрыс тамақтану форматы, «Zebra Coffee», «Royal Flowers» гүл бизнесі, «Olymp» фитнес-бағыты, «Shonkar» білім жобасы, «Coffee Boom» «ChocoLove», «Sergek» және «Toi Dasterhan».
Өзге елдерде де біздің франшизалар жұмыс істейді. Біздің брендтер Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Түркия, Ресей нарығына шығып жатыр. Олар әлі көп емес, дегенмен бұлардың әрқайсысы – ұлттық экспорттық әлеуетті өрлететін мүмкіндік.
Жағдай қазіргіден де ауқымды сипат алып, франчайзингтің қарқынды дамуы үшін не істелуі керек? 2024 жылдың наурыз-сәуіріндегі заңнамалық ұсыныстарды талдай отыра нарық келесі қадамдарға мұқтаж деп айтуға болады:
Бірінші, франчайзингті кәсіпкерліктің жеке түрі ретінде тану, мойындау.
Екінші, ЭҚТЖК арнайы кодын және статистикалық есептілікті енгізу.
Үшінші, отандық франшизаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама.
Төртінші, жалған франшизалардан қорғау үшін франчайзингтік сертификаттау институтын құру.
Бесінші, франшиза үшін білім беру бағдарламаларын енгізу.
Алтыншы, отандық франшизалардың экспорты үшін инфрақұрылым қалыптастыру, яғни Кәсіпкерлікті қолдау сервис орталығы, ұлттық кәсіпкерлік палата және халықаралық көрмелер арқылы.
Франшиза – табысқа кепілдік беру құралы емес, бұл – жүйеге кепілдік беру мүмкіндігі. Егер біз елімізде орнықты желілерді, тың жұмыс орындарын, зияткерлік өнімдердің экспортын көргіміз келсе, онда франчайзинг көлеңкеден шығуға тиіс. Ол дағдарыс, инфляция және кадр тапшылығы жағдайында ШОБ үшін өсім нүктесі бола алады.
Қазіргі кезең – шикізаттық модельден өнім, мәдениет және бренд бағаланатын модельге ауысудың тамаша уақыты. Франшиза – осыған бастайтын жол. Біз бұл бағыттан әлеует көріп, оны тиімді пайдалана аламыз ба, әлде тамаша мүмкіндікті уыстан шығарып аламыз ба – мәселе сонда.