
Сурет: astana-akshamy.kz
Биылғы V маусымның жабылуы қазақтың ұлы ақыны, философ, сазгер және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналды. Іс-шара барысында театр директоры Асхат Маемиров: «Кез келген театр үшін маусымның ашылуы мен жабылуы жүректі толқытатын сәт. Әрі сіздермен бір айдай үзіліс жасап, қайтадан кездесеміз. Осыдан бес жыл бұрын ашылғанда да Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен шымылдығын түрген болатынбыз. Бұл – театрымыздың төлқұжаты іспеттес қойылым. Осы бесінші мерейлі маусымда бес қойылымның премьерасын жасадық. Сондай-ақ көрермендерге 266 мәрте спектакль ұсынып, бұл қойылымдарды 61 181 адам тамашалады», деді.
Осы маусымда театр қоржынына «Қызжылаған» драмасы, «Сылаң қыз» комедиясы, «Әміре» моноспектаклі, «S.O.S» драмасы, «Мәншүк» музыкалық драмасы еніп, 5 жаңа премьерамен толығып, театрдың репертуарындағы қойылымдар саны 28-ге жеткен.
«Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – театрдағы жаңа туынды. Балалар мен жасөспірімдер дүниетанымына, талғамына, рухани болмысының қалыптасуына әсер ететін қойылым – Абай ғұмырының бозбала кезеңінен көрініс береді. Қойылым режиссері театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров болса, инсценировка авторы – Мирас Әбіл, музыкалық кеңесшісі – Димаш Құдайберген.
Жас Абайдың жүрегінде оянған алғашқы махаббаты, көкірегінде туған тұңғыш жыры әуезді әнге айналып, ішкі сезім тебіреністерін аласапыран күйге салады. Тоғжанға деген іңкәр сезім – өмірге деген құштарлыққа ұласып, Абайдың адамзатқа деген асқақ махаббатының темірқазығына айналды. Құнанбайдай әкенің өнегесі, Ұлжандай ананың тәрбиесі, қоршаған ортаның тылсым сыры, ғашықтықтың ғаламаты, дос пен бауырдың қадірі жас көрерменнің жанына рухани ләззат сыйлап, санасына көркем көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.