
Сурет: gov.kz
- 14-16 тамыз аралығында Астанада таеквондодан кадеттер, жастар, ересектер арасында аса ірі халықаралық турнирдің жалауы желбірейді. Қазірдің өзінде 22 мемлекеттің 750-ден аса спортшысы осы жарысқа қатысатындарын растады. Олар – Түркия, БАӘ, Үндістан, Қытай, Ауғанстан, Армения, Канада, АҚШ, Франция, Иран, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Сауд Арабия, Тунис, Ресей. Турнирдің жүлде қоры – 15 808 000 теңге.
- Еліміздің ең үздік теннисшісі Елена Рыбакина Канаданың Монреаль қаласында тұсауы кесілген WTA 1000 турнирін сәтті бастады. Жүлде қоры 5 152 199 долларды құрайтын жарыстың алғашқы айналымында бос болған ол екінші кезеңде әлемнің 50-ракеткасы америкалық Хейли Баптисттен 6:4, 6:3 есебімен басым түсті. Үшінші кезеңде румыниялық Жаклин Кристианды жеңді, есеп – 6:0, 7:6. Төртінші кездесуін Елена украиналық Даяна Ястремскаяға қарсы өткізеді. Юлия Путинцева доданың тұсаукесер бәсекесінде қытайлық Ханьюй Гоға жол берді – 3:6, 3:6.
- UFC-де аса жеңіл салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Азат Мақсұм (15-2) келесі жекпе-жегін 25 тамызда Әбу-Дабиде (БАӘ) өткізеді. Қазақ файтері АҚШ өкілі Митч Рапосомен (9-3) айқасады. Қос спортшы да соңғы бәсекелерінде жеңілістің кермек дәмін татты. Азат Чарльз Джонсон (АҚШ) пен Тагир Уланбековтен (Ресей) ұпай санымен ұтылса, Митч Андре Лима (Бразилия) мен Су Мудаерджиге (Қытай) есе жіберді.
- Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) күш сынасып жүрген Астананың «Барыс» клубының сапы тағы 12 ойыншымен толықты. Олар – Джохар Дударкиев (қақпашы), Мәди Диханбек, Бейбарыс Оразов, Кирилл Никитин (қорғаушылар), Руслан Оспанов, Семён Симонов, Кирилл Ляпунов, Кирилл Канкин, Николай Шульга, Әділ Бейсембаев, Асанәлі Русланұлы, Владимир Корчагин (шабуылшылар).