Аймақтар • Бүгін, 17:03

Павлодар облысында 45 мектепте директор жоқ

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазір облыс мектептерінің 13 %-да мектеп директорларының орны бос тұр. Олардың басым бөлігі ауылдық және шалғай елді мекендерге тиесілі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Павлодар облысында 45 мектепте директор жоқ

Өңірлік білім беру басқармасының дерегіне сүйенсек, жергілікті орта білім беру ұйымдарының 5%-ын (18 басшы) зейнет жасындағы директорлар басқарып отыр. Ал мектептер бойынша 45 директордың орны бос тұр (барлық мектептің 13%-ы).

- Бос орындардың басым бөлігі ауылдық және шалғай елді мекендерге тиесілі. Бұл жерлерде үміткерлер арасындағы бәсекелестік деңгейі төмен және білікті кадрлардың саны шектеулі. Мұндай жағдай басшыларды уақтылы тағайындауды қиындатады және мамандарды іріктеу мен орнықтыру үшін қосымша шараларды қажет етеді,-деп хабарлады білім беру басқармасынан.

Қазіргі уақытта директорларды тағайындауға конкурс өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, биыл 13 резервист оқытудан өтуде. Кадрлық резервтің қорытынды кезеңі аяқталған соң оларды облыс білім беру ұйымдарына тағайындау жоспарланған. Ал облыстық кадрлық резервте 46 резервист білім алуда.

- Өңірде кадрлық резервті жаңарту және сүйемелдеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың аясында оқыту семинарлары, кеңес беру, тәлімгерлік бағдарламалар және басқарушылық құзыреттерді бағалау шаралары ұйымдастырылуда. Аталған шаралар білім беру жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, тиімді басқарушы корпус қалыптастыруға және Павлодар облысындағы оқу үдерісінің сапасын арттыруға бағытталған,-деп қосты басқармадан.

Павлодар облысы