
Онда халықаралық музыка фестивалі ұйымдастырылса, осы жолы Қырғызстанда дәстүрлі мәдениет пен музыкаға арналған алғашқы «Рух-санаты» дүниежүзілік фестиваль байқауында ел мерейі тағы да үстем шықты.
Дәстүрлі өнер саласындағы ірі халықаралық фестивальға 37 елден келген жүзден астам орындаушы қатысты. Қазылар алқасының құрамында түрлі елдерден келген танымал музыка зерттеушілері, этнографтар мен өнер шеберлері болды. Олар қатысушылар орындаған шығармалардың түпнұсқасы сақталуын, дәстүрлі музыкалық аспаптарды меңгеру деңгейін және ұлттық мәдени дәстүрлердің сақталуын бағалады.
Қазақстан атынан фестивальға К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Салтанат Ерсұлтан қатысты. Салтанат «Дәстүрлі ән» бағыты бойынша 3-курста оқиды.
Байқау барысында Салтанат Асан қайғының толғауын, Нартайдың термесін және Елмұра Жаңабергеннің «Аралым» атты шығармасын орындады. Өнерпаз қылқобызда жыр-терме орындап, қазылар алқасын тәнті етті. Осылайша, ол жеке орындаушылар арасында бірінші орынды иеленді.
Дәстүрлі мәдениет пен музыканы сақтау және дамыту – ұлттық мұраны келер ұрпаққа насихаттаудың бірегей жолы. Мұндай жас дарындардың жетістігі жаңа буынға шабыт сыйлап, халықаралық мәдени байланыстарды нығайта түсері сөзсіз.