
Сарбаз зиратына қашалған жыр
Белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы 1994 жылы «Абай тағылымы» атты монографиясында «Абай шығармалары майдандағы қазақ жауынгерлерінің рухани азығы ретінде 1943 және 1944 жылы таңдамалы жинақтары «Әскери кітапханалар» деген айдармен дүркін-дүркін жарияланды. Бұл шығармалар майдандағы жауынгерлерге рухани тірек болып, Абай кітабы қазақ даласынан Берлинге дейін жауынгерлермен бірге сапар шексе, кейде ақын өлеңдерінің қаза тапқан солдат қабіріне жазылуы ұлы ақынға деген сезімнің қаншалықты қалыпта екенін көреміз», деп баяндапты (116-б).
Жоғарыдағы абайтанушы ғалымның пікіріне дәлел бар екен. Атап айтар болсақ, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 11 тамыз күнгі № 165 санында басылым тілшісі әрі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан майдангер Әлішер Тоқмағамбетовтің «Екі жазу» атты шағын мақаласы жарияланыпты.
Автор майдан даласында өзі куә болған мына бір оқиғаны баяндайды: «Варшаваға баратын тасжолдың оң жақ өңірінде биік-биік белдер бар, – дейді майдангер-тілші. – Осы белдердің биік шоқысын жергілікті халық «Майданек төбе» деп атайды екен. Төбенің ұшар басында алты түп ақ қайың өсіп тұр.
Дәл осы топ қайыңның түбінде жау қолынан қаза тапқан жас қазақ жауынгерінің моласын көрдім. Зиратқа «Асанов Ерғаш» деп марқұмның аты-жөні жазылып, оның астына қызыл сиямен әшекейлеп, тасқа басқандай етіп бір ауыз өлең қашалыпты:
«Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай,
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жау жүрек жомарт құбылмай,
Жайдары жүзің жабылмай,
Жайдақтап қашып сабылмай,
Жан тапсырдың Ерғаштай».
Дәл осы бір шумақ жырдың соңына жауынгерді жерлеген майдандас дос-жоралары аттарын жазып, қолдарын қойыпты.
«Өлеңді екі-үш қайтара оқып шықтым да, бұл ұлы Абайдың сөзі екенін аңғардым. Әрине, бұл өлеңді төбенің етегінде болған қызу соғыста арыстанша алысып, қырғиша қырқысып, жаудан жастығын ала кеткен батыр баласына дана ақынның тартқан сыйы деп білдім» деп жазыпты газет тілшісі.
Рейхстаг қабырғасындағы шерлі шумақ
Екінші дүниежүзілік соғыста кеңес әскерлері фашистерді жеңіп, жаудың ордасы Рейхстагқа ту тіккенін білеміз. Осы бір тарихи оқиғаның ортасында болған жоғарыда аты аталған тегі қызылордалық майдангер-журналшы һәм соғыстан кейін 1946–1948 жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің тілшісі қызметін атқарған, сондай-ақ 1950 жылдары абайтану тақырыбына да қалам тартып, «Абай шығармашылығының тәлім-тәрбиелік мәні» атты еңбек жазған Әлішер Тоқмағамбетов (1913–1953) былай деп жазады:
«Қызыл Армия Берлинді біржола басып алып, Рейхстаг төбесіне советтің туын тіккен күні Рейхстагтің ішін аралай алмадым. Бірсыпыра күн өткен соң барып, ерінбей іші мен сыртын тегіс аралап шықтым. Рейхстагтің қабырғаларына мыңдаған кісінің аттары ақ бормен ерсілі-қарсылы жазылыпты. Сол қисынсыз жазулардың кейбірі грузинше, кейбірі татарша, башқұртша, украин тілінде, көбі орысша жазылған.
Сол көп жазуды бірін қалдырмай оқып келе жатып, тайға таңба басқандай етіп латын әрпімен қазақша жазылған тамаша жазу мені өзіне тартты. Ол жазуды оқыдым:
«Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден көрінген кек кемігендей.
Болады жылауға да, күлуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей».
Өлеңнің соңына «Көпебаев Төлеухан.
30 апрель 1945 жыл» деп уақытын көрсетіпті» («Социалистік Қазақстан», 1945 жыл, 11 август № 165 (6930).
Жоғарыда Рейхстагтің қабырғасына жазылған бір шумақ өлең – Абайдың орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтан 1897 жылы аударған тәржімесі. Бұл шумақ жеңіс туын желбіреткен қазақ жауынгерінің жүрек төрінен орын алса керек.