Үкімет • Бүгін, 08:55

Негізгі бағыттар айқындалды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны» (ЭКСЖ) жүзеге асыруға арналған Жобалық кеңсенің отырысын өткізді. Жиында заң шығару жұмыстары, жобаны қаржыландыру, сатып алулар тәртібі, отандық өндірушілерді қолдау және цифрландыру мәселелері бойынша есептер тыңдалды.

Негізгі бағыттар айқындалды

Сурет: primeminister.kz

Ұлттық жобаны заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында Мемлекет басшысы 17 шілдеде тиісті заңға қол қойып, ол 29 шілдеден бас­тап күшіне енген болатын. Бүгінде Жобалық кеңсе 669 лицензиясы бар EPC-жеткізушілері, 220 отандық өндірушіні және ЭКСЖ аясында қажет болатын 2,7 мың тауар позициясын сараптап шықты.

Ұлттық жоба аясында тауарларды, жұмыс­тарды және қызметтерді сатып алуға, «кіл­тімен тапсыруға дайын» құрылыс келісім­шарттарын жасауға, жобаларды іріктеу мен мони­торинг жүргізуге мүмкіндік беретін элек­трондық сатып алу платформасы әзірле­ніп жатыр. Жоба тетіктерін түсіндіру үшін «1465» нөмірі бойынша байланыс орталығы іске қосылды.

ЭКСЖ аясында қанатқақты жоба ретінде 35 табиғи монополия субъектісі (ТМС) бекітілді. Тағы 22 жоба қаралу сатысында. Жыл соңына дейін 8,5 мың шақырым инженерлік желілерді жөндеу және 42 мыңнан астам жабдықты ауыстыру жоспарланған. 2026 жылға қарай 6 ТМС тозудың «қызыл» деңгейінен «орташа» деңгейіне көшіп, тозу көрсеткіші 40%-ға дейін төмендейді деп күтіліп отыр. Қанатқақты жобаларды қаржыландыру операторлары ретінде «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» қарастырылып отыр. Сондай-ақ 5 отандық банк ЭКСЖ-ге қатысуға қызығушылық білдірген. Халықаралық қаржы институттарын тарту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Қанат Бозымбаев 2026 жылға арналған жобаларды жоспарлау кезінде жергілікті атқарушы органдар ЭКСЖ шеңберінде көзделген нарықтық тетіктерді пайдаланбай, әлі де бюджет қаржысына арқа сүйеп отырғанын атап өтті.

«Мемлекеттік органдар тиісті инфра­құры­лымды жаңғырту енді ЭКСЖ сүзгісі­нен өтетінін, жобаларды нарықтық тетік­тер арқы­лы жүзеге асыру мүмкіндігі бағалана­ты­нын түсінуі керек. Бюджет қаражаты тек балама бол­маған жағдайда ғана қолданылады. Бұл – Үкі­меттің нақты ұстанымы», деді вице-премьер.

ЭКСЖ тетігі арқылы жобаларды биыл қазан айында толық іске қосу үшін Қанат Бозымбаев Жобалық кеңсеге бірқатар тапсырма жүктеді.

Әкімдіктерге өңірлердің энер­гетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту бо­йынша «Жаңғырту карталарын» әзір­леу тапсырылды. Бұл карталар негізінде салалық мемлекеттік органдар ТМС жобаларын олардың тозу деңгейін ескере отырып, жаңғырту тәртібін айқындайды. Одан кейін техникалық және қаржылық операторлар қажетті қаржы көлемінің алдын ала есептерін дайындайды. Қолжетімді қаржыландыру көлемі мен жоспарланған жұмыстар туралы ақпарат ЭКСЖ-ны нақты жүзеге асыру жоспарын жасап, негізгі көрсеткіштердің (KPI) орындалуын тиімді мониторингтеуге мүмкіндік береді.