Туризм • Бүгін, 09:19

Әзербайжан Алакөлде туристік нысан салады

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысының әкімі Берік Уәли Қазақстанның Әзербайжандағы төтенше және өкілетті елшісі Алим Байелмен кездесу өткізді. Кездесуге Әзербайжан-Қазақстан іскерлік кеңесі төрағасының орынбасары, Түркі кәсіпкерлер қауымдастығы басқармасының төрағасы Аслан Құнияров, сондай-ақ Әзербайжан инвестициялық холдингі мен Әзербайжан бизнесін дамыту қорының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әзербайжан Алакөлде туристік нысан салады

фото: gov.kz

Әзербайжандық делегация Алакөл жағалауында халықаралық емдеу-сауықтыру кешенін салу жөніндегі инвестициялық жобаны таныстырды.

Инвесторлар жыл бойы жұмыс істейтін, бір мезетте 800 адамға дейін қабылдай алатын туристік нысан салуды жоспарлап отыр. Жобаның инвестиция көлемі – 20 миллион АҚШ доллары. Кешен пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, бұл жоба өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерін көбейтуге және медицина мен демалыс тоғысында жаңа кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«2024 жылы Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен инвестициялық қоры құрылды. Егер Алакөлдегі жоба жүзеге асса, ол осы қор аясындағы алғашқы жобалардың бірі болмақ», деді Алим Байел.

Облыс әкімі бұл туристік жобаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.

«Қазір Алакөл туристік аймағының бас жоспары әзірленіп жатыр. Құрылысқа жер телімін беруге дайынбыз. Әкімдік қажетті қолдауды көрсетеді»,  деп мәлімдеді Берік Уәли.