Олимпиада • Бүгін, 08:20

Зияткерлік жарыс жеңімпаздары

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оқушылар арасындағы ең беделді Халықаралық пәндік олимпиадалар өз мәресіне жетті. Жалпы, көрсеткіш бойынша ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын қорғаған оқушылардың дені жүлделі оралды.

Зияткерлік жарыс жеңімпаздары

Үздік географтар

Өткен аптада озат оқушылары­мыз IGeO–2025 халықаралық география олимпиадасында тарихи жетістікке қол жеткізіп, төрт медальды жеңіп алды. Таиландта өткен бұл байқау­дың нәтижесінде біздің балалар екі алтын, екі күміс медальды олжалап, аталған сайысқа қатысқан 47 мемлекеттің арасында жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленді.

Бұл – үлкен жетістік.  Қарағанды облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Талғат Байбосынов пен Қостанай облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Андрей Енбахтов алтыннан алқа тақса, Ақтөбе облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әлихан Қалмағамбетов пен Жетісу облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Болат Ақжол күміс медальға қол жеткі­зіп, ел мерейін асқақтатты. Оларға жетекшілік еткен – Халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары Абай Дүйсен мен Рустам Уәлиев. Сайыстың барлық кезеңіне ұлттық құраманы дайын­дауды Республикалық ғылыми-прак­ти­калық «Дарын» орталығы ұйым­дастырды.

Айта кетейік, Қазақстан IGeO ­олимпиадасына 2012 жылдан бері қа­тысып келеді. Осы уақыт аралы­ғын­­да біздің оқушылар 5 алтын, 4 күміс және 7 қола медальды жеңіп алған.

 

Информатика мықтылары

Боливияның Сукре қаласында өткен IOI–2025  халықаралық инфор­матика олимпиадасында озат оқу­шы­ларымыз төрт медальға қол жеткізіп, 87 мемлекеттің арасынан жалпы­командалық есепте 14-орынның тұғы­рынан көрінді.

Екі кезеңнің қорытындысында Қазақстан құрамасы үш күміс, бір қола медальды қанжығалады. Атап айтар болсақ, Семей қаласындағы Назар­баев зияткерлік мектебінің 11-сы­нып оқушысы Әкежан Асқар, Алматы қаласындағы физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы ­Максим Цой, Қызылорда облысындағы ­«Бі­лім-инновация» лицейінің 10-сынып оқу­шысы Мансұр Мамадаху­нов екін­ші орынға ие болса, Алматы қаласы­­ның №165 мамандандырыл­ған мек­теп-лицейінің 9-сынып оқу­шы­сы Дау­жан Бекетов қола медальға қол жеткізді.  Құрама жетекшілері – Astana IT University-дің бас жаттықтыру­шы­сы Темірлан Сатылханов және Алматы IITU университетінің спорт­тық бағ­дарламалау бойынша жаттық­тыру­шысы Айбар Қуанышбай.

Айта кетейік, Информатикадан халықаралық олимпиада (IOI) алғаш рет 1989 жылы Болгарияда өткізілді. Ұлттық құрама бұл беделді жарысқа 1998 жылдан тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт аралығында біздің оқушылар барлығы 75 медальды жеңіп алды.