Энергетика • Бүгін, 09:30

Көмір Қазақстанда алдағы жылдары энергияның негізгі көзі болып қала береді — сараптамалық есеп

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көмір Қазақстанда жақын болашақта да негізгі отын және энергия көзі ретінде өз орнын сақтап қалмақ. Бұл туралы «Каспий» тауар биржасы» АҚ таратқан аналитикалық есепте айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көмір Қазақстанда алдағы жылдары энергияның негізгі көзі болып қала береді — сараптамалық есеп

Құжатта әлемдік көмір нарығындағы үрдістер мен Қазақстандағы көмір секторының ерекшеліктері сараланып, коммуналдық-тұрмыстық көмірге (КТК) қатысты биржалық сауда деректері кеңінен талданған.

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) деректеріне сәйкес, 2024 жылы әлемде көмір өндіру көлемі 9,15 миллиард тоннаға жеткен. Бұл ретте 2022 жылғы рекордтық баға деңгейінен кейін нарық тұрақталып, Дүниежүзілік банк 2025 жылы көмір бағасы (австралиялық көмір) тоннасына $100-ға дейін төмендеп, 2026 жылы тағы 5%-ға түсіп, $95 болады деп болжайды.

Қазақстан көмірдің дәлелденген қоры бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді. Елде 25–33 миллиард тонна аралығында көмір қоры бар деп бағаланады. Бұл көрсеткіш елімізге 200–300 жылға жететін отын қорын қамтамасыз етеді.

Құжатта көмірдің еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше атап өтілген. Қазақстанда көмір бастапқы энергия тұтыну құрылымының 50%-ын, ал жылу энергетикасында 80%-ын құрайды. Бұл отын түрінің ішкі нарықтағы сұранысы маусымдық сипатта болғанымен, әлеуметтік маңызы жоғары өнім ретінде мемлекет тарапынан қатаң бақылауда.

Көмір саласының елдің ЖІӨ-дегі үлесі 0,7%-дан 1,1%-ға дейін болса, жұмыспен қамтуда шамамен 0,5%-ды (шамамен 33 мың адам) құрайды. Дегенмен көмір өндіруші аймақтар — Қарағанды және Павлодар облыстары үшін оның әлеуметтік-экономикалық маңызы айтарлықтай жоғары.

Көмір энергиясының төмен құны Қазақстан экономикасының басты бәсекелестік артықшылықтарының бірі ретінде бағаланады. Алайда 2024 жылы салада баға өсімі тіркелді: қыркүйек айында өндірістік тас көмірдің орташа құны тоннасына 17 676 теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8%-ға артқан. Ал тұтынушылар үшін өңірлерде баға айырмашылығы айтарлықтай — тоннасы 8 мыңнан 26 мың теңгеге дейін.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Каспий» биржасында көмір саудасына қатысушылардың қызығушылығы жоғары болған. Есепке сәйкес, осы кезеңде көмірге деген ең жоғары сұраныс 1 095 280 тоннаны құрап, ұсыныс көлемі 543 мың тоннадан асып, нақты мәмілелер 290 мың тоннадан көп болған. Орташа есеппен жартыжылдықта сұраныс — 652 мың тонна, ұсыныс — 252 мың тонна, мәмілелер көлемі — 140 мың тонна шамасында.

Саудадағы ең жоғары белсенділік қаңтар-сәуір айларында тіркелді, бұл кезеңде ірі жеткізушілер биржалық саудаға белсенді араласқан.

Биржа өкілдерінің айтуынша, көмірді биржалық сауда арқылы өткізу баға индикаторларын қалыптастыруға, жеткізілім тізбегінің ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, делдалдарды қысқартуға және жалпы нарықты тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

«Коммуналдық-тұрмыстық көмірдің биржалық саудасы баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жеткізілімдердің тұрақтылығына және делдалдар санын азайтуға оң әсерін тигізіп отыр. Біздің талдауымыз көрсеткендей, бұл тетік бағаның әділ қалыптасуына, сапаны бақылауға және алыпсатарлықты шектеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл құралдың нарықты реттеудегі рөлі арта түсетіні анық. Қысқа және орта мерзімді перспективада көмір еліміздің негізгі энергия көзі болып қала береді», — деді «Каспий» тауар биржасы» АҚ президенті Мұрат Қадисов.