Испаниядағы жарыстың бесінші, яғни шешуші кезеңі Кинтана-дель-Пидио қаласынан басталып, 138,3 шақырымнан кейін велошабандоздардың Лагунас-де-Нейлада тау шыңына өрлеуімен мәресіне жетті. Соңғы асудағы Фортунатоның шабуылы оған кезеңде үздік үштікке енуге және жалпы классификацияда екінші орынға шығуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ XDS Astana Team командасының тағы бір велошабандозы Кристиан Скарони "Норвегияның Арктикалық жарысының" үшінші кезеңінде жеңіске жетіп, бас классификацияда да үшінші орынға көтерілді. Командадағы тағы бір спортшы Клеман Шампуссан кезеңді төртінші болып аяқтады.
- Бүгін бәрі өте жақсы өтті. Команда керемет жұмыс жасады. Ертең жағдайымызды жақсарта аламыз ба, көреміз. Жалпы, бабымдамын. Қыркүйек пен қазанда жоғары нәтижелерге қол жеткіземін деп үміттенемін. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, — деді Кристиан Скарони сұхбатында.
Норвегиядағы жарыстың үшінші кезеңі Хусёй (Сенья) қаласынан басталып, 182 шақырымнан кейін Молсэльвте мәресіне жетті. Кезеңде бірінші орынды Q36.5 Pro командасының британдық өкілі Том Пидкок жеңіп алды. Екінші орынға Israel-Premier Tech құрамасындағы Жаңа Зеландия спортшысы Корбин Стронг тұрақтады.
"Астананың" басқа спортшылары мынандай нәтижелер көрсетті: Антон Чармиг – 20-орын, Аарон Гейт – 83-орын, Давиде Баллерини – 84-орын, Кейс Бол – 94-орын. Жарыс бүгін жалғасын табады.