Президент • Бүгін, 17:57

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті АҚШ Президенті Дональд Трамптың белсенді әрі тиімді атсалысуымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы тарихи декларацияға қол қойылуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған құжатқа халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ жарғысына сәйкес қол қойылғанын атап өтті. Тиісінше, бұл Әзербайжан мен Арменияның стратегиялық мүдделеріне толығымен сай келеді, сондай-ақ Кавказда халықаралық ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Қазақстан Әзербайжанның стратегиялық серіктесі ретінде өңірде көптен күткен бейбітшіліктің орнауын шын ниетпен қолдайды.

Мемлекет басшысы Астананың алдағы уақытта келіссөзге арналған алаң ұсынуға дайын екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ильхам Әлиевтің көшбасшылығымен Әзербайжанның халықаралық аренада абырой-беделі арта түскенін атап өтті.

Мемлекеттер басшылары жоғары деңгейдегі байланысты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.

Әзербайжан Президенті Қазақстан Президентінің құттықтауына ризашылық білдіріп, ұзақ жылдарға ұласқан нәтижесіз келіссөздерден кейін осындай келісімге келудің тарихи маңызы зор екеніне назар аударды. Ильхам Әлиев өз елінің Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.