
Фото: Ақорда
Оның айтуынша, бүкіл әлемде жасанды интеллектіні пайдаланудың құқықтық негізі белсенді қалыптасып жатыр.
«Еуропа Одағы, АҚШ, Қытай және Канада қауіп-қатерлер мен ықтимал мүмкіндіктерді ескере отырып, саланы реттеудің төл моделін жасақтауға кірісті. Қазақстан да өзінің нормативтік базасын қалыптастыруға тиіс. Осы орайда, озық халықаралық тәжірибеге сүйенген жөн. Ұлттық басымдықтар басты назарда болуға тиіс. Жалпы, жасанды интеллект туралы тиісті заңды қабылдау – шұғыл міндет. Оны орындауға Үкімет баса мән беруі керек. Құжатта инновация, жауапкершілік, қауіпсіздік мәселелері тең дәрежеде ескерілуі керек. Сондай-ақ азаматтардың құқығын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау ісіне мән берілуі қажет. Заң жасанды интеллектіні дамытуға бөгет болмауға тиіс. Ереженің бәрі айқын әрі түсінікті болғаны жөн. Яғни инвестиция тартуға және технологияларды енгізуге барынша қолайлы заң әзірлеу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударып, Үкімет мүшелеріне ABCDE моделі (AI, Big data, Cloud, Data Centers, Education) негізінде ұлттық цифрлық ландшафт құрылымын қайта қарау туралы тапсырма берілгенін еске салды.
«Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Бірақ мәз болып, босаңсуға болмайды. Тиісті жұмыс әлі алда. Есептеу ресурстары баршаға бірдей қолжетімді болуы керек. Суперкомпьютердің мүмкіндіктерін толық пайдалану қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүкіл мемлекеттік және квазимемлекеттік цифрлық экожүйені– біртұтас платформаға көшіруді тапсырды.
«Мұндай тәсіл түпкілікті интеграцияны, архитектуралық үйлесімділікті қамтамасыз етіп, артық шығынды болдырмайды және толыққанды деректер массивтерін қалыптастырады. Биыл шілде айында QazTech ұлттық цифрлық платформасы өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Ол бүкіл цифрлық әзірленім процестерін орталықтандырып, оларды енгізу уақытын қысқартады. Платформаны жаппай қолданысқа енгізу мақсатында 2026 жылдың қаңтарынан бастап QazTech-тен тыс жаңа ақпараттық жүйелерді құруға мораторий енгізіледі. Әрбір жағдай бойынша шешімді Цифрландыру жөніндегі комиссия қабылдауға тиіс. Үкімет 2026 жылы бірінші тоқсанның соңына дейін QazTech платформасының толық ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету процедурасын аяқтауы керек», деді Мемлекет басшысы.