
Фото: bilim-all.kz
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылған ғылыми-зерттеу институтының (ҒЗИ) қызмет аясына балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұдан бөлек, теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің отандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау мен талдауға бағытталған.
Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталып, гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониторинг зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақтылы әрі тиімді жүргізуге, сондай-ақ институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Айта кетелік, Каспий теңізі бірегей экожүйе және су биоресурстарының аса маңызды көзі, сондай-ақ батыс өңірлер мен жалпы еліміздің тұрақты дамуына үлкен үлес қосады.
Каспий теңізінің Қазақстан тарапындағы жағалауының ұзындығы 2320 шақырым, бұл барлық Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ең ұзын жағалау сызығы.