Ауыл • Бүгін, 08:45

Ауылды серпілтетін мүмкіндік көп

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында халықаралық жастар күніне орай Қазталов ауданында «Ауыл life» облыстық жобасы аясында бірқатар қызықты іс-шара өтті.

Ауылды серпілтетін мүмкіндік көп

Суретті түсірген – Асылбек Нәсіпқалиұлы

Жобаның алғашқы күні Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев облыс және ауданның белсенді жастарымен кездесті. Ол кездесуде көтерілген ойлар мен ұсыныстар ауыл жастарының қоғам өміріне белсенді араласуға дайын екенін көрсеткенін атап өтті.

– Біз жастардың жұмысқа орналасу, білім алу және бос уақытты тиімді пайдалану бағытындағы бас­тамаларын қолдаймыз. Жастардың идеясы – ауылдың, өңірдің дамуына қосылған үлес. Ең бастысы, жастар алға қойған мақсаттан таймай, жаңа мүмкіндіктерді пайдалана білуі керек, – дейді Қайыржан Ермекұлы.

Осы жиын барысында жас­тар арасындағы белсенді азаматтар, әсіресе қайырымдылық шараларына белсене қатысып жүрген ерікті, жас кәсіпкер Дана Ермұханова, жиһаз цехын дамытып отырған кәсіпкер, меценат Ербол Аяпов, құс шаруашылығын жолға қойып, мемлекеттік грант иегері атанған Манас Асылханұлы,тәртіп сақшысы, полиция қызметкері Оразғали Оразымбетов сынды қыз-жігіттер алғысхатқа ие болды.

«Ауыл life» жобасы аясында белгілі шаштараз Берік Қайырша «Қайшыдағы креатив», SMM маман, блогер Әдемі Жарасова «Біздің әлем», блогер, қолөнер шебері Даражат Хапарова «Бала­ларымызды бүгіннен дамытайық» тақырыбында шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибелерін айтып берді. Сонымен қатар жоба қатысушылары аудандық тарихи-өлкетану музейін, аудандық орталықтандырылған кітапхананы аралап көріп, жұмысымен таныс­ты.

Ауыл жастарының өмірін қамтыған екінші күнгі іс-шаралар да өте қызықты өтті. «Сауып ішкеннің дәмі бөлек» атты байқауда қыздар сиыр сауу шеберлігін сынға салса, «Қастерлі кәсіп» бөлімінде жігіттер қой союдың дәстүрлі әдістерін көрсетіп, етті мүшелеу мен өңдеудің қыр-сырын таныс­тырды. Келесі бөлімде арулар ұлттық тағамдарды дайындап, дәмі тіл үйірер ас мәзірін ұсынды. Ал «Бірлік күш береді» атты сайыста командалар арқан тартысып, күш сынасты. Бұдан кейін жігіттер асауға құрық салу шеберлігін көрсетіп, атқа мінудің әдістерін таныстырса, қыздар «Ауылдың ақ дәмі» деп құрт дайындаудың дәстүрлі тәсілдерін көрсетті. Соңынан жігіттер қой көтеріп, ләңгі теуіп те жарысты. Ал қыздар ұршық иіруден сынға түсті.

Тартысты өткен жарыста І орынды «Қосөзен» командасы иеленсе, ІІ орынды «Жарқыра» командасы, ІІІ орынды «Рух» командасы қанжығаға байлады.

– Бұл ауыл жастарын бір серпілт­кен жоба болды. Жастар жаңа идеялармен қанаттанып кетті. Осындай жобалар арқылы ауылымыздың әлеуеті арта түседі деп ойлаймын, – дейді Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев.

Ал креативті іс-шараға келген Бибінұр Хамит есімді қатысушы осы жобаның арқасында алғаш рет киіз үйге түнегенін айтты. Ол шаңыраққа қарап жатып, жерден ерекше бір қуат алған сезімін де жасыра алмады.

– Таңғы салқынмен оянып, күннің шығуын тамашаладық. Таби­ғаттың тылсым тынысы жаны­мызға тыныштық сыйлады. Жоба аясындағы екінші күн де ерекше басталды. Жігіттер қой со­йып, қыздар ет асып, нан илеп, ауыл өмірінің қызықты сәттерін бастан өткерді. Жүн түтіп, ұршық иіру секілді ұмытылып бара жатқан дәстүрлі істерге араласып, сонау балалық шақтағы әже-аналардың мейірімі мен жылуын еске алған қатысушылар көздеріне жас алды. «Ауыл life» жобасы ұлттық рухымызды оятты, – дейді Б.Хамит.

 

Батыс Қазақстан облысы