
Бір кезде босағада бөгіп қалған тілдің алпыс екі тамырына жан бітіп, нұрлана бастағаны көңілге қуаныш. Сарапшылардың айтуына қарағанда, өңір тұрғындарының 66,5 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Алдағы уақытта осы қарқын мейлінше үдей түспек. «Qaz_Tech» жүйесі бойынша мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мемлекет қызмет ұсынатын ұйымдар қызметкерлерінің, сондай-ақ, ұлттық компаниялар қызметкерлерінің үлес салмағы 27 пайызды құрап отыр. Өңірде мемлекеттік және ағылшын тілі курстарын оқытатын 21 оқыту орталығы жұмыс істейді. 2024 жылы 3748 тыңдаушыға сертификат берілді. Оның ішінде мемлекеттік тілден 3172, ағылшын тілінен 576 адам сертификат алды. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тілін еркін, бейресми форматта оқытатын 20 клуб жұмыс істейді. Қала тілін еркін форматта үйрететін «Тілдесейік, достар!», «Сөйле KZ», «Қазақша сөйле», «Мәртебе», «Қазақ тілі оңай», «Кел, қазақша сөйлейік!», «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі», «Қызықты қазақ тілі», «Зейін», «Қазақша сөйлесейік!», «Үйде сөйлейік», «Тіл.kz», «Тілтаным» және тағы басқа клубтар жұмыс істейді. Өңірде биыл екінші рет қазақ тілін үйретуді насихаттауға, қолдауға арналған «Qaz_Tech» IT жобасының байқауы өткізілді.
Былтыр алғаш өткен байқау жеңімпазы «Қазақша сөйле» атты Telegram-Bot каналын жасады. Мақсат – мемлекеттік тілді үйренем деушілерді қызықтырып, кез келген уақытта пайдалануға қолайлы жағдай жасау. Бот жаттығулар мен сұрақтарға жауап беру үшін OpenAI GPT-4 мүмкіндіктерін, сондай-ақ, сөздер мен сөйлемдерді аудару үшін «Google Translate» мүмкіндіктерін пайдаланады. Жасанды интеллект элементтері арқылы Telegram-Bot қолданушымен диалог жүргізе алады, қолданушының жұмысын тексереді, тіл үйренуге кеңес және мотивация береді. Интеллектуалды бот оқытушының бақылаушы, диагностикалаушы, ақпарат беруші рөлдерін атқарып, тіл үйренушінің қажеттілігіне қарай көпфункционалды бола алады.
Жоғарыда аталған тұжырымдаманың нысаналы индикаторында қарастырылған мемлекеттік телеарналарда қазақ тілінде көрсетілетін телебағдарламалардың үлесі белгіленген көрсеткішке сәйкес жүргізілуде. Іс қағаздарының ана тілімізде жүргізілуі басты назарда. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттардың үлесі 92 пайызды құрады. Бұл біздің өңір үшін тәп-тәуір көрсеткіш.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңның 25-6 бабына және Ақмола облысы әкімдігінің «Ақмола облысында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуы бойынша мерзімді тексеру жүргізудің 2025 жылғы бірінші жартыжылдыққа арналған жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 4 мемлекеттік мекемеге тексеріс жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Біржан сал ауданының «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Сандықтау ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Сандықтау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі, Шортанды ауданының «Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемелерінің жұмысы тексерілді. Ал Ақмола облысы әкімдігінің «2025 жылдың екінші жартыжылдығында Ақмола облысында Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуы бойынша мерзімді тексеру жүргізу жоспарын бекіту туралы» қаулысына сәйкес 2025 жылдың екінші жартыжылдығында 6 мемлекеттік мекемеге тексеріс жұмыстары жүргізілмекші. Мәселен, «Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Көкшетау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Астрахан ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі, «Астрахан ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі, «Макинск қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің тағы бір тетігі – деректемелер мен көрнекі ақпаратты «Тіл туралы» Заңның нормаларына сәйкес орналастыру. Көрнекі ақпараттар елдегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететін фактордың бірі. Шілде айына дейін облыс бойынша 1 092 көрнекі ақпарат зерделеніп, оның 980-і заңнама талаптарына сәйкестендірілді, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айгүл Талпақова, – қазақ тілін дамыту, оны кеңінен қолдануды қамтамасыз ете отырып, бұқаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастыру да қазақ тілінің дамуына өзіндік үлес қосады.
Наурыз айында жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында «Qazaq Lingvo» атты жастар арасындағы облыстық байқау өтті. Сәуір айында қазақ тілі оқытушыларына арналған, жергілікті зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының қатысуымен республикалық Тіл форумы, мамыр айында түркі жазуы күніне орай Көкшетау қаласында «Тұран өркениетінің асыл мұрасы» атты түркі жазуы күніне арналған республикалық конференция, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тілдерді оқыту орталықтары оқытушылар арасындағы облыстық байқау, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқаулары және тағы басқа іс-шаралар ұйымдастырылды.
– Облыс бойынша 542 мәнерлеп оқу сайысы, 82 дөңгелек үстел, 86 байқау, 233 зияткерлік ойыны, 35 акция, 87 челлендж, 563 ашық сабақ, 252 тәрбие сағаты, 17 оқырмандар сайысы, 15 викторина, 227 шығармалар байқауы, 45 семинар, 52 кітап көрмесі, 32 бейнеқұттықтау, 1 форум, өзге этнос өкілдеріне арналған 24 сайыс, 9 пікірсайыс турнирі өтті, – дейді Айгүл Дүзелбайқызы, – бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жыл басынан бері 640 мақала, әлеуметтік желілерде 1800-ге жуық ақпараттық пост, телеарнада 47 сюжет жарық көрді. Сондай-ақ белсенді азаматтарға, еріктілерге қазақ тілін қолдауға бағытталған жергілікті телеарнада «Руханият», «Тал бесік», «Арнайы репортаж» бағдарламаларында тақырыптық бейнематериалдар апта сайын жүргізіледі. Көкшетау қаласындағы шағын және орта бизнес нысандарының мемлекеттік тілде қызмет көрсетуі үшін «Қазақша үйренейік!» акциясы ұйымдастырылды. Өңірлік тіл орталықтары базасында қысқамерзімді курстар, тренингтер мен бейнесабақтар әзірленді. Барлығы 32 бейнесабақ әзірленіп, әлеуметтік желілерде көпшілікке насихатталуда.
Жергілікті ұлт тілі жүдеңкіреп қалған өңірде осындай іс-шаралардың арқасында тіліміздің қолдану аясы кеңейіп келе жатқандығы көңілге медеу.
Ақмола облысы