
Министр өз баяндамасында еліміздегі ақпарат кеңістігін сақтау мәселесін қозғады. Әсіресе ол шекаралас аймақтағы тұрғындардың отандық радио-телевизиялық таратылымдарға қол жеткізу мәселесіне назар аударды. Өйткені шекараға жақын орналасқан көптеген елді мекенде көршілес елдің радиосы мен телевизиясы емін-еркін таратылып жатады. Осы жағдайды реттеу үшін министрлік арнайы жұмыстарды қолға алып, «Шалқар» мен «Қазақ радиосының» үнін сонау шекара аймағындағы ауылдарға дейін жеткізбек.
А.Балаева бүгінгі таңда прокатқа шығарылып жатқан кинофильмдер туралы да пікір білдірді. Оның сөзінше, осы күнде кинотеатрларда көрсетіліп жүрген отандық фильмдер керемет деп айтуға келмейді. Кейде фильм сюжетінде бейәдеп сөздер, орынсыз қылықтар кездесіп қалып жатады. Көркем фильм – бірінші кезекте халықты тәрбиелеуші идеологиялық құрал. Сол себепті оның қоғамдағы рөлі әрдайым күшті болу керек. Осы орайда А.Балаева министрлік жанынан арнайы кеңестік топ құрылып, әрбір түсірілген отандық кинофильмдер сүзгіден өткізілетінін жеткізді. Сонымен қатар министр театрларда да болашақ спектакльдің мазмұнын саралап, кем-кетік жері болса, дұрыс арнаға бұрып отыратын көркемдік кеңестің болғанын құптады.
Сонымен қатар министр елімізде ақпараттың қолжетімділігін де сөз етті. Яғни кейбір мемлекеттік құпия болып саналатын деректерден бөлек, кез келген салада ақпарат көзі ашық. Әсіресе БАҚ өкілдерінің мемлекеттік органдардан мәлімет алу жағы оңайластырылған. Бұл еліміздегі демократиялық қағидаттардың салтанат құрғанын білдіреді. Ал министрлік биыл күшіне енген жаңа ережеге сәйкес осы үдерістерді заң шеңбері аясында бақылауда ұстайды.
Бұдан өзге, А.Балаева Шымкентте республикалық маңызы бар 7 тарихи ескерткіш барын атап өтіп, олардың инфрақұрылымын жақсарту, қосымша қаржы мәселесін шешу бағытында жұмыс жүргізілетінін жеткізді. Соның ішінде «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне ерекше тоқталды. Аталған аумақта талай археологиялық құпия-сырлар жатқанын айта келе, қазба жұмыстары мен зерттеулер әлі де жалғаса түсетінін мәлімдеді.
Ашық диалог барысында Шымкент тұрғындары көкейкесті сұрақтарын қойып, толық жауап алды. Тұрғындар қойған сауалдардың ішінде талантты жастардың жеке ізденістеріне ақпараттық қолдау көрсету, олардың бастамаларын насихаттау, ұжымдық концерттік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Шымкентте мәдениет саласындағы жеке жоғары оқу орнын құру, жастарды, отбасыларды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге қоныс аударуға үгіттеу, ол үшін сезімге құрылған қызықты көркем фильмдер түсіру секілді өтініш-тілектер, ұсыныстар айтылды. Министр өз сөзінде айтылған мәселелер назардан тыс қалмайтынын, тиісті шешімдер қабылданатынын мәлімдеді.
Кездесуден кейін министр жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарын тыңдады.
Аида Балаеваның сапары БАҚ өкілдерімен өткен брифингпен қорытындыланды. Онда медиа, жастар саясаты және мәдениет саласындағы өзекті мәселелер айтылды.
ШЫМКЕНТ