Парламент • Бүгін, 10:32

Мәжіліс депутаты Қостанайда жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін талқылады

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Билік. Халық. Ынтымақ» атты аймақтық конференцияға қатысты. Іс-шарада жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту, мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеру, сондай-ақ азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Мәжіліс депутаты Қостанайда жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін талқылады

Конференцияға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері және өңірдің белсенді тұрғындары қатысты. Жиынның басты мақсаты – билік пен қоғам арасында ашық та нәтижелі диалог орнатып, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарды қалыптастыру болды.

Конференцияға қатысушылар көппәтерлі тұрғын үйді басқару және мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қызметін ұйымдастыру мәселелеріне айрықша назар аударды. «Менің үйім» Қостанай облыстық қауымдастығының төраға міндетін атқарушы Сайлау Асылбаев осы саладағы проблемалардың әлі де өзекті әрі өткір күйінде тұрғанын атап өтті.

– Қостанай облысындағы көпқабатты үйлердің жартысынан астамы әлі күнге дейін басқару нысанын айқындамаған. Соның салдарынан аулалар абаттандырылмай, жөндеу жұмыстары созылып келеді, ал тұрғындар өз қаржысының қайда жұмсалып жатқанын білмейді. Мүлік иелері бірлестіктері мен қарапайым тұрғындарға сауатты кеңес, жүйелі бақылау және тұрақты қолдау қажет. Біз депутаттармен және жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, бұл салада тәртіп орнатуға дайынбыз. Егер тұрғындар нақты нәтижені көрсе, МИБ-ке де, кондоминиумдарға да деген сенім арта түсер еді, – деді.

Бұдан бөлек, Нұрлан Әуесбаев «Әуежай» шағын ауданының Бастапқы партия ұйымы белсенділерімен жүздесті. Кездесу барысында ұйымның стратегиялық міндеттері, алдағы жоспарлары және тұрғындарды қоғамдық бастамаларға кеңінен тарту тетіктері сөз болды. Сондай-ақ шағын ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, әлеуметтік қолжетімділікті арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.

– Әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау – бұл мәселелер халықты әлі де алаңдатып отыр. Ешбір пікір назардан тыс қалмайды. Барлық өтініш-ұсыныстар назарға алынып, оларды шешу жолдарын тиісті құрылымдармен бірлесе қарастырамыз, – деді депутат.

Конференция мен өңірдегі кездесулердің қорытындысында бірқатар нақты қадамдар белгіленді: жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту, тұрақты жұмыс істейтін диалог алаңдарын қалыптастыру, жергілікті бастамаларды қолдау, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласында жүйелі тәртіп орнату.

Нұрлан Әуесбаев тұрғындар мен белсенділер көтерген барлық ұсыныс ретке келтіріліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданатынын, ал олардың орындалу барысы депутаттық қадағалауда болатынын ерекше атап өтті.