Қоғам • Бүгін, 09:20

Ержан Тоқтасынов: «Шекара бекеті – өмірлік институтыма айналды»

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның қауіпсіздігі – шекара күзетінің сенімді қолында. Әсіресе, халықаралық әуежайда қызмет атқаратын шекарашылардың жауапкершілігі ерекше. Egemen.kz тілшісі шекара қызметінің кәсіби мерекесіне орай Астана халықаралық әуежайындағы шекара бақылау бөлімінің бақылаушысы, ефрейтор Ержан Тұрсынбекұлы Тоқтасыновпен сұхбаттасты. Ол өзінің таңдаған жолы, қызметтегі қиындықтары мен қызығы туралы әңгімелеп берді.

Ержан Тоқтасынов: «Шекара бекеті – өмірлік институтыма айналды»

Ержан Тоқтасынов алғашында әскери қызметте жұмыс істемеймін деп ойлаған. Бірақ тағдыр жолы қайта-қайта шекара қызметіне алып келген.

«Бір апайымыздың өлең жолдары бар еді «тағдыр тартқан табақтан дәм татасың, сен одан құтылмайсың қашсаң-дағы» деген. Мен өзімнің отан алдындағы борышымды шекара қызметінде атқардым. Содан бұл әскери қызмет менікі емес деп шештім. Біраз уақыттан соң отбасылық жағдайдың талабынан ба екен осы қызметке қайтадан келдім. Бұл менің тағдырым екенін түсіндім. Әскери емес қызмет жасаймын деп ойлағанмын. Артынан бұл қызметті маған тағдырдың өзі сыйлап тұрғанын түсіндім», дейді ол.

з

Оның алғашқы қадамдары Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім басқармасынан басталған. Үш жыл таулы аймақтарда шекараны күзетіп шыңдалған маман 2017 жылдан бері Астанада қызметін жалғастырып келеді.

Ефрейтордың айтуынша, шекарашының жұмысы тек құжат тексерумен шектелмейді. Жолаушылармен сұхбаттасу, олардың ниетін анықтау, күдікті тұлғаларды табу – барлығы ерекше қырағылықты талап етеді.

«Әрбір жолаушымен сөйлесіп, сұрақтар қою арқылы оның шынайы мақсатын білуге тырысамыз. Психологиялық әдістерді де қолданамыз. Себебі біздің міндет – ниеті теріс адамдардың елге кіруіне жол бермеу», дейді ефрейтор.

Оның айтуынша, бұл қызметтің ең қиыны – адамдармен тікелей жұмыс істеу. Әрбір жолаушының көңіліне қарау, мәдениетті қарым-қатынас орнату қажет. Сонымен қатар, заманауи құжаттарды үнемі меңгеріп отыруға да көп күш жұмсалады.

Ержан өзінің ең алғашқы жұмыс күнін, тіпті ең алғаш тексерістен өткізген жолаушысын да есінде сақтап қалған екен. 

«Ең алғаш тексерген жолаушым дипломат азамат болды. Құжатпен жұмыс істеп үлгермей, ұзақ ұстап қалғаным бар. Сол кісінің ескертуі маған үлкен сабақ болды. Содан бастап жылдам әрі епті болуға тырыстым. Соңында Астана шекара бақылау бекеті - менің өмірлік интитутыма айналды», деп еске алады ол.

Ержан Тоқтасынов үшін әріптестерінің орны бөлек. Ол олардан кәсіби шеберлікті, құжаттарды тексеру әдістерін, тіпті ер азаматқа тән ұстамдылықты үйренгенін айтады.

«Қазір құжаттар заманына сай дамып жатыр. Сондықтан біз де жаңа білімді үздіксіз игеріп отыруымыз қажет. Әр елдің құжаты әртүрлі. Бір орында тұрып қалуға болмайды», дейді ол.

Ефрейтор Тоқтасынов жастарды да шекара қызметіне қызығушылықпен қарауға шақырады.

«Жастардың шекара қызметіне қызығушылығын арттыру үшін біраз жұмыс жасау керек сияқты. Себебі, қазір көбінің санасына тез көтерілу, тез ақша табу деген сияқты ойлар кіріп алған. Әйтсе де осы қызметті жаны қалайтын жастарымыз да жоқ емес. Бірақ көбі қаражатқа келіп тіреледі. Қызметімізді кәсіби жағын жастарға дәріптеу керек. Бір елдің шекарасын күзету, елдің тыныштығын күзету деген үлкен мәртебе, абырой. Соны мемлекет болып жас ұрпаққа дәріптеуіміз керек», дейді ол.

Әңгімесінің соңында кейіпкеріміз әріптестерін мерекемен құттықтап, отанға деген жылы лебізін білдірді. 

«Тек 18 тамыз ғана емес, әрбір қызметке түскен күнім мен үшін мейрамнан кем емес.  Осы салада қызмет істеп жүрген әріптестеріме сәттілік тілеймін. Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болып, шекарамыздың шебі тыныш болсын!», деді кейіпкеріміз.