
Бүгінде құны 1,3 млрд теңгені құрайтын нысанның 50 пайызы дайын. 11 шақырым жерге су құбыры тартылып, құдықтар орнатылып, сорғы станциялары құрылған. Сондай-ақ дәнекерлеу және электр-техникалық жұмыстар аяқталды. Жоба Бейімбет Майлин ауданының барлық халқын ауызсумен қамтуға мүмкіндік береді.
Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раудың айтуынша, еліміздегі барлық елді мекендерді 100 пайыз таза ауызсумен қамту –«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі міндеттің бірі.
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары жыл сайын ондаған ауылды ауыз сумен қамту жобаларын бюджет жоспарына енгізуге ықпал етіп келеді. Бұған дейін елімізде шамамен 700 ауылда ауыз су мүлде болмаған. Бүгінде жүргізілген жұмыстардың арқасында бұл бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Партиямыздың табанды ұстанымының арқасында арнайы мемлекеттік қордан қосымша қаражат тартылды. Бұған дейін жемқорлардан тәркіленген қаржы тек мектеп құрылысына жұмсалса, біз оны халықтың күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты жобаларға да бағыттау қажеттігін көтердік. Соның нәтижесінде еліміздің жүздеген ауылында су құбырын жүргізу мүмкіндігі туды. Алдымызда әлі де үлкен міндеттер бар. Ауыз сумен бірге халық жаңа спорт залдарын, мәдениет үйлерін, әлеуметтік нысандардың салынуын күтіп отыр. Дегенмен бірінші кезекте – ауыз су мәселесі. Біз әкімдіктермен және мәслихаттармен бірлесіп, әрбір теңгенің мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда ұстайтын боламыз», деді А.Рау.
Депутаттар жергілікті билік өкілдері мен мердігер ұйымдардың ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесіне қатысты есептерін тыңдады. Сондай-ақ әрбір су нысаны бойынша жұмыс кестесі қаралды.