
Жасанды интеллект негізінде жасалған боттар жылы сөйлеп, түсіністік танытып, шын адаммен сөйлескендей әсер қалдырады. Мысалы, мектепте қыздар онша назар аудара қоймайтын балаға, экранның ар жағындағы үнемі өзін түсінетін, қызыға тыңдайтын жасанды серікпен сөйлескен әлдеқайда жеңіл. Ал ұялшақ қыздарға бірден жақын болып кететін «жақсы жасанды жігіт» қызығырақ.
Чатботтар бүгін ғана пайда болған жаңа нәрсе емес. 1966 жылы профессор, ғалым Джозеф Вайзенбаум алғашқы чатбот – «Eliza»-ны жасап шығарған. Бүгінде жасанды интеллект пен табиғи тілді өңдеу технологиясы әлдеқайда дамып, «ChatGPT» секілді жүйелер пайда болды. Бірақ ата-аналардың көбі біле бермейтін «Replika, «Character.AI», «My AI» сияқты ЖИ-серіктер де бар. «Mozilla» дерегінше, 2024 жылы мұндай қосымшалар 100 миллионнан астам рет жүктелген. Кейбірінде 18 жастан кіруге шектеу қойылғанымен, жасөспірімдердің оны айналып өтуі қиын емес. Стэнфорд университетінің «Replika» қолданушыларына жүргізген зерттеуінде респонденттердің 81 пайызы ЖИ-досын «ақылды» деп санаса, 90 пайызы оны «адамға ұқсайды» деп қабылдаған. Дегенмен олардың жақсы жағы да жоқ емес. Кейбір жасөспірімдер үшін ЖИ-дос жалғыздықтан құтқаратын, психологиялық қолдау беретін құрал. Зерттеу нәтижесінде, пайдаланушылардың 3 пайызы мұндай виртуалды дос суицидтен бас тартуға көмектесті деп айтқан.
Сонымен қатар олар балалардың әлеуметтік және әңгімелесу дағдыларын жаттықтыруға мүмкіндік береді. Алайда қауіп те бар. АҚШ-тағы бір ана «Character.AI» компаниясын сотқа беріп, чатбот 14 жастағы ұлына өзіне қол жұмсауға кеңес бергенін мәлімдеген. Ол бала бұл әрекетті жасап, қаза тапқан. Тағы бір сот ісінде дәл осы жүйенің жасөспірімдерді өз-өзіне зиян келтіруге, ата-анасына қарсы агрессияға үгіттегені айтылған.
Жеке деректер қауіпсіздігі де үлкен мәселе. «Wired» басылымы «Mozilla» зерттеулеріне сүйене отырып, мұндай платформаларды «жеке өмірге қауіп төндіреді» деп мәлімдеді. Көпшілігінде деректерді қадағалайтын трекерлер бар, олар пайдаланушыны эмоционалды тұрғыда өзіне байлап, тіпті теріс әрекеттерге итермелеуі мүмкін.
«Ата-ана ең алдымен баласына шынайы достықтың маңызын түсіндіруі керек. Нағыз адаммен араласу ғана шыдамдылықты, келісімді, ренішті жеңуді және қиын сәттерде бір-біріне тірек болуды үйретеді. ЖИ-дос ешқашан қызғанбайды, ренжімейді, бірақ өмірдің осындай маңызды сабақтарын да үйретпейді», дейді Массачусетс штатындағы Бриджуотер мемлекеттік университетінің агрессияны азайту орталығының негізін қалаушы әрі атқарушы директоры Элизабет Энгландер.
Оның айтуынша, егер бала ЖИ-досқа қызықса, оны бірден жамандыққа балаудың қажеті жоқ. Керісінше, оның артықшылығы мен кемшілігін ашық талқылау маңызды. Компаниялардың пайда көздейтінін, жеке деректердің қауіпте болатынын, эмоциялық тәуелділіктің туындау қаупін түсіндіру – басты міндет.
«Әсіресе әлеуметтік дағдысы төмен, жалғыздықты жиі сезінетін балаларға ерекше көңіл бөлу қажет. Сонымен қатар балаларды технологияны сынай білуге, оның не үшін және қалай жасалғанын түсінуге үйрету маңызды. Бұл – оларды сенгіш болмауға үйретіп, қауіпті жағдайлардың алдын алады. Жасөспірімдер ЖИ-досын шынайы адаммен шатастырмаса да, эмоционалды байланыс орната алатынын ескеру керек. Ата-ана баламен үнемі сөйлесіп, ойын білгені дұрыс. Баланың өзі сізден жақсы білетін нәрсені түсіндіруіне мүмкіндік беріңіз – бұл өзара сенімді күшейтеді», дейді ол.
Э. Энгландердің пікірінше, ЖИ-дос болашақта сенім, этика, қарым-қатынас туралы түсінігімізді өзгертуі мүмкін. Сондықтан балаларды оған дайын ету ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті.