Зерде • Бүгін, 07:50

Ақынның асыл бейнесі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Қызылжарда «Мағ­жан орталығының» ашылғаны бел­гілі. Сонда бол­ған бір ерек оқиға осы мақа­ланы жазуға түрткі болды.

Ақынның асыл бейнесі

ХХ ғасырдың басындағы жастар­дың суретке түсуге құштарлығы көп бол­ған сияқты. Мысалы, Сәкен Сейфул­линнің фотолары өте көп. Ал Омбының мұғалімдер семинария­сында бірге оқыған Мағжанның суреті мүлде аз. Топ­пен отырған жал­ғыз ғана фотосы бар. Алайда оны сурет­шілеріміз неше алуан түс­тер­мен көркемдеп, әшекейлеп, әй­теуір көбейтуге ты­рысып жүр. Ал Мағжан­ның Мәскеу­дегі В.Брюсов атындағы әдебиет институтында түскен бірде-бір суреті көзге түспеді. Мұңға тұнған тұңғиық көздері Алаштың халін ойлап, уайым жеп тұрғандай суретке жас кезінде жанындағы бірнеше адаммен бірге түскен. Тағы бір суреті – шебер суретшілеріміздің бір фотосуретінен көшіріп, барынша әсемдеп, сұлу қылып шығарған нұсқасы.

Бұл сурет – Әбәмүслім деген ағасы­ның баласы Қабдөштің үйінен табыл­ған түпнұсқа фото. Оны пы­сық келін­дерінің бірі төрде ілулі тұр­ған ескі фотораманың шаңын сүрт­пек болып жат­қанда аяқ астынан тапқан. Бұл нағыз Мағжан ақталып, жер де, көк те оның есімін айтып, еске алып жатқан кез еді. Жас келін тапқанын жүгіріп келіп енесіне көрсеткенде, атасын көрген кейуана жоқтау айтып, үйдің ішін азан-қазан қылған. Осы сурет қазір ақынның туған жері М.Жұмабаев ауданындағы Сартомар ауылындағы музейде тұр.

Ал тағы бір фотоны «Мағжан орта­лы­ғы» ашылғанда Республика­лық «Қа­һар­мандар» қорының төрағасы, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комис­сияның жұмысын қамтамасыз ету жобалық кеңсесінің басшысы Сабыр Қасымов сыйға тартқан. Бұл сурет ақынның трагедиялық сипатын дәл береді. Көзінен нұр тамған дөңгелек жүзді ақын басынан кешкен қасіреттің кесірінен екі жағы суалып, ат жақты болып кеткен. Мағжанның осы бейнесі ұзақ жыл бойы НКВД-ның архив қорларының арасында жатқан екен. Оны мемлекеттік комиссия қызметкерлері тапқан. Фотоға ретушь жасалғаны көрініп тұр, әйтпесе ол кезде түрлі-түсті фото әлі бізге жеткен жоқ еді. Оның үстіне ақынның шашы да қап-қара күйінде көрсетіліпті. Үстінде түрменің робасы... Орталық ашылғандағы ерек оқиға да осы еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар