
Осы орайда Түркістан облысында туризм саласына инвестиция тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айта кетелік. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін жыл соңына дейін 55,9 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған болса, ол 6 ай қорытындысымен 33 млрд теңгеге орындалды. Яғни жоспардың 59%-ын құрап отыр. Биыл туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған инвестиция көлемі де айтарлықтай артып отыр. Нақты айтқанда, туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражат жаңа туристік нысандардың құрылысын жүргізуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және сервистік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталып отыр. Жаңадан бой көтеріп жатқан нысандар қатарында «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» сияқты қонақүйлер мен «Болашақ құрылыс» ЖШС-ның демалыс аймағы бар. Жобалар іске қосылған соң, өңірде қызмет көрсету сапасы едәуір жақсарып, туристер санының өсуіне ықпал етуге тиіс.
Жалпы алғанда, биыл облыста 27 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде қаржы тартылып, нәтижесінде, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар туристік инфрақұрылым саласында 11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба жүзеге асырылады. Осы жобалардың барлығы туризмді экономиканың драйвер саласына айналдыруға бағытталған.
Облыста туризм саласын дамыту жөнінде 2025–2029 жылдарға арналған қадамдық жоспар бекітіліп, жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр. Жақында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі туризм саласын жандандыру бағытындағы жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды. Облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне бекітілген индикаторларды мерзімінде орындау керектігін ескертіп, жауапты сала басшыларына қызмет сапасын арттыру, туристік орындарды абаттандыру, инвестиция тарту бойынша бірқатар тапсырма берді. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін ішкі туристер санын – 350 мың, шетелдік туристер санын 18 мың адамға жеткізу жоспарланған. Қазіргі көрсеткіштер өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 166,2%-ға артқан. Ал e-qonaq платформасында облыстағы шетелдік туристердің саны 2025 жылдың 6 айында 23,6 мың адамды құрады. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есеге артқан. Орналастыру орындарының нөмірлік қорларын арттыру бойынша бүгінде төсектік орындар саны 10 219-ға жетіп, бекітілген индикатор 126,4% орындалған. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Төлеби ауданында орналасқан демалыс орындарының саны 118-ден 194-ке, ал Сарыағаштағы шипажайлардың саны 63-ке жетті. Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, 2029 жылға дейін өңірдегі туристер санын 1 млн адамға жеткізу межеленген. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында облысқа келуші туристердің әртүрлі категориялары бойынша нақты көрсеткіштер белгіленген. Атап айтқанда, орналастыру орындарында қалған туристер саны 550 мың адамға жетуі тиіс. Осы арқылы өңірдің қонақүйлері мен туристік инфрақұрылымының деңгейі мен тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар табиғи аумақтарға келетін туристер санын 200 мыңға, ал емдік-сауықтыру орындарына келетін туристер санын 250 мыңға жеткізу жоспарланған. Туристік инфрақұрылым ауқымы жылдан-жылға артып келе жатқан облыста 245 қонақүй, 298 демалыс орны мен 117 емдік-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Аталған нысандар тек туристерді қабылдаумен, оларға қызмет көрсетумен шектелмей, сонымен қатар мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша табиғи нысандарға келушілер саны 80,2 мың адамды құраса, тарихи орындарға келгендер саны 520,7 мыңға жетті. Бұл көрсеткіштер халықтың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығы артып келе жатқанын білдіреді. Өңірде шетелдік туристердің ағыны да артып келеді. Қытай, Жапония, Германия, Италия елдерінен келетін туристер саны өсіп отыр.
Облыста орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекрациялық мақсатта 30 туристік соқпақ пен маршрут құрылған. Соның бірі – «Ақсу-Жабағылы» қорығы. Қорық аумағында 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл соқпақтар арқылы таулардың әсем табиғатын, өсімдіктер дүниесін тамашалап қана қоймай, жабайы жануарларды да жиі ұшыратуға болады. Атап айтқанда, жабайы шошқа, Сібір тауешкісі, Түркістан сілеусіні сияқты тағы басқа аңдар осы қорық аумағында мекен етеді. Сондай-ақ мұнда сирек кездесетін жануарлар – Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау ешкісі, Тянь-Шань және Қаратау арқарлары және қар барысын кездестіруге болады. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы 1926 жылы құрылған, яғни келесі жылы қорыққа 100 жыл толады. Аталған табиғи қорықтың бір бөлігі кіретін Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған Жібек жолының күретамыр даңғылы өткен жер. Өлкенің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, тарих куәсі, өркениеттің жәдігер мұраларына өте бай. «Ақсу-Жабағылы» аудан аумағында экотуризмнің дамуына ықпал етіп отыр. Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан қорықтың құрамына «Әулие» және «Қарабастау» палеонтологиялық бөлімдері кіреді. Экологиялық туризм бағытында Төлеби ауданында Ақсу-Жабағылыдан өзге Қасқасу, Сайрам-Өгем бағыттарындағы туристік маршруттар кеңейтіліп, туристерге табиғатпен етене танысуға мүмкіндік жасалған. Биылғы жартыжылдықта ауданға келген туристер саны 22 мыңнан асқан. Олардың дені табиғат аясында серуендеуді, жаяу туризмді, тауға шығуды және этнотуризм бағыттарын таңдаған. Бұл – бір жағынан аудан экономикасына пайда әкелсе, екінші жағынан тұрғындардың табиғатты сақтауға деген жауапкершілігін арттырады. Жауапкершілік демекші, биыл қоршаған ортаны қорғау бағытында бірқатар маңызды жұмыс атқарылды. Аудандық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бөлімінің деректеріне сүйенсек, көктемде жалпы ауданы 120 гектардан астам жерге ағаш көшеттері, 1 500-ге жуық түп қылқан жапырақты және жеміс ағаштары отырғызылған. Ал биыл туризм саласына 150,5 млн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған Түлкібас ауданының Ақсу шатқалында әлемдік тәжірибеге сүйене отырып экотуризмді дамыту қолға алынып отыр. Әлемде сирек кездесетін, Қазақстанның Қызыл кітабына енген «Грейг» қызғалдағы Шұбайқызыл шоқысында көктем сайын жайқалып, отандық және шетелдік туристердің сүйікті мекеніне айналған. Көктем айларында бұл алқапты тамашалауға келетіндердің қатары жылдан-жылға арта түскен. Осы орайда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін арнайы эскиздік жобалар әзірленіп, инфрақұрылым тарту, экологиялық талаптарға сай демалыс аймағын қалыптастыру бағытында ұсыныстар дайындау сала мамандарына жүктеліп отыр.
Облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында басқарма тарапынан Халықаралық туризм альянсына мүшелікке ұсыныс берілген. Биыл қараша айында мүшелікке қабылдануы тиіс. Сондай-ақ Қытайдың Шанхай қаласында Түркістан облысының туризмін таныстыратын «Визит Түркістан» ақпараттық орталығы ашылған. Түркия елінің «Аlbayrak Media Group», «Аnadolu», TURSAB ұйымдарымен байланыс орнатылып, Түркияда Түркістан облысының туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. Одан бөлек, отандық және шетелдік байланыс жұмыстарының нәтижесінде тұрақты түрде 18 туристік компаниямен серіктестік орнатылып, аталған компаниялар облысқа наурыз-маусым айларының аралығында 19 650 туристі алып келді.
Түркістан облысы